Қызылорда облысында қамыстан табыс тауып отырған көпбалалы ана тұрады

Қызылорда облысында қамыстан қомақты табыс тауып отырған батыр ана тұрады, деп хабарлайды «Хабар 24»

Қазалы ауданының тұрғыны ұзын құлаш өсімдікті Еуропаның 6 мемлекетіне жөнелтіп отыр. Берекелі кәсіптің иесі тек Германияның өзіне жылына 500 тоннаға жуық қамыс орып жібереді екен. Көпбалалы ананың көпке үлгілі бастамасы жөнінде тілші баяндасын.

10 баланы дүниеге әкелген Венера Тайлақбаева үй мен түздің шаруасын қатар алып жүр. Қамыс сатуды пандемия кезінде бастаған. Басында жұрттың оның жобасына күмәнмен қарағаны рас. Десе де тың істі ұршықша үйіріп әкеткен әйел қазір Сыр өзені бойында қаулаған қамысты құрлық асырып отыр.

Венера Тайлақбаева, кәсіпкер:

- Сол тіл білгеннің арқасында таптым сатып алатын, сататын жақтардың барлығын. Бірінші Германияға шықтық, одан кейін Нидерландия, Дания осылай басталып кетті. Кейіннен Франция, Польша, Белорусь сұрады, жәймендеп жіберіп жатырмыз. Енді бізден Англия сұрап жатыр, осы тұрғанда сол жаққа да жіберетін ойымыз бар. Алтынмен пара-пар ғой бағасы. Алтын қалай бағаланса бізде Қазақстанда, Германияда біздің қазақ қамыс дәл сол алтының бағасындай бағаланады. Жақсы сапасы, шетелдіктердің барлығы риза.

Көпбалалы ана жұбайымен бірге биыл мың тонна қамыс оруды жоспарлап отыр. Өндіріс ашылғалы ауылдағы ағайын да жұмыс іздеп алысқа сабылмайтын болды. Жергілікті жүк көлігін жүргізушілер де кәрі құрлық пен орта Азияны жол қылып жүр. Жалпы маусымдық кезеңде 300-ден астам тұрғын жұмыспен қамтылады.

Көбейсін Балымбетов, қамыс сұрыптаушы:

- Бұл жұмыс жақсы, еңбекақыңды адал аласың. Бұрын сыртқа кететін едік, қазір ауылдың ішінде, рақат мына жұмыс, ешкім мазаламайды.

Қызылорданың құрғақ қамысын әсіресе неміс жұрты қатты бағалайды. Германияда қолы жеткен ауқаттылар үйінің шатырын осы материалмен жабады екен. Экологиялық таза әрі жеңіл өнім ауа қысымын қалыпты ұстайды және ылғалға төзімді. Енді кәсіп иесі ен далада елеусіз өсіп тұрған ши қамысты шикізат күйінде шекара асыра бермей, өңірде өңдесек әлдеқайда тиімді болары сөзсіз деп отыр. Сондықтан жаңа бастамаға білек сыбана кіріспек.

Венера Тайлақбаева, кәсіпкер:

- Осы жылы, Алла қаласа, қамыстан үйдің төбесін жабуды бастаймыз, Германияның жобасымен. Ол үшін шетелден мамандар келеді, жабады. Біз сол технологияны осы жерде үйренеміз. Сосын соны әрі қарай патенттеу ойымызда бар. Қорықпау керек ең бастаған кезде, тәуекелге барып жұмыс жасау керек, ал былай қорқып, жұмыс жоқ деген адамаға ешқандай жұмыс та болмайды, ештеңе болмайды.

Батыр ана қамыс орымы көбейгесін жаңа жер телімін алғысы келіп, әкімдіктен рұқсат күтіп отыр. Ал жергілікті билік өкілдері «кәсіп иесі жобасын сәтті қорғаса, өзен-көлдің маңайынан шалғынды аумақ бөлуге даярмыз дейді. 

Авторлары: Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев.