Көкшетауда құрылысы ұзақ жылға созылған мектеп ғимараты биыл тапсырылатын болды
Тиісті жұмыстарға басқа мердігер ұйым тартылған.
Жаңа шағын ауданнан орталыққа қатынап оқып жүрген балалар үшін келер оқу жылы жағымды жаңалықпен басталғалы тұр.
Бұл ықшам ауданда тұратын жұртшылық жаңа мектепті сарыла күтіп жүр. Әйтпесе мыңнан астам бала қаланың өзге аумағындағы білім ордасына барып оқуға мәжбүр.
Әсел Кенжәлина, қала тұрғыны:
- Балаларым қалаға барып оқып жатыр. Біреуі Сарыарқада оқиды үлкені. Кішкентайы айти-мектепте. Қиын, әрине. Автобустар жүруін жүріп жатыр. Өзіміз де жұмысқа қатынаймыз. Таңертең апарып тастау керекпіз. Түсте алып келу керекпіз. Түстегіні апару керекпіз.
Ғимарат құрылысы 2016 жылы басталған еді. Алайда сан түрлі мәселе туындап, тиісті жұмыстар ұзаққа созыла берді. Алдымен жобалау кезіндегі ақау салдарынан нысанның іргетасы отырып кетіп, мердігер компания шығынға батқан. Кейін соңғы үш жылда материалдардың күрт қымбаттауына байланысты құрылыс тіптен тоқтап қалды. Ақыры аяғы тапсырыс беруші мен мердігер ұйымға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілді.
Рауан Оспанов, облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:
- Бұрынғы мердігер ұйым жосықсыз деп танылды. Арадағы келісімшартты бұздық. Биыл мамыр айында жаңа кәсіпорынмен келісім жасадық. Енді құрылыс күзге дейін аяқталуы тиіс. Оларға осындай міндет қойылды.
Ерлан Еркінбекұлы, мердігер кәсіпорын өкілі:
- Әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Сосын ағаш полдарды төсеу, ламинаттарды төсеу, электр желілерін жүргізу, желдеткіш желілерін жүргізу және су жүйелерін барлығын жүргізіп біттік. Екі-үш апталық жұмыс, абаттандыру жұмыстары және жабдықтарды орнату жұмыстары қалады.
400 орынға шақталған бұл мектеп жаңа оқу жылында есігін айқара ашады. Ал облыс бойынша осындай 14 мектеп салынып жатыр. Оның ішінде жетеуін биыл пайдалануға беру жоспарланған.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Евгений Шинкаренко