«Самокат» мінетіндер нені білуі тиіс?

Электросамокат жүргізуші ереже бұзса, әкімшілік жауапкершілікке тартылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Енді самокаттың қозғалысы заңмен реттеледі. Мемлекет басшысы Жол жүрісін ұйымдастыру мәселелері бойынша заңға қол қойды. Елде электросамокат ең көп қала – Алматы. Бұдан былай оны тізгіндегендердің жүруі қалай бақыланады?

Алматыда мобильді көлік құралдарының пайда болуымен жол қозғалысы күрделене түскені мәлім. Жыл басынан бері самокаттың салдарынан 10 көлік оқиғасы болған. Осынша адам зардап шегіп, 1 адам көз жұмған. Енді заң бойынша самокат шағын электрлі көлік құралына жатады. Жолдың оң шетімен ғана жүреді. Оның өзінде ең жоғары жылдамдығы сағатына 25 шақырымнан аспауы тиіс. Ал жаяу жүргіншілер жолымен жүретін болса, сағатына 6 шақырым жылдамдықпен қозғалуы керек. Ең бастысы, бұдан былай 18 жасқа толмағандар мен жүргізуші куәлігі жоқ азаматтарға самокат тебуге рұқсат етілмейді. 

Салтанат Әзірбек, қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі:

- Бұл өзгертулер нәтижесінде ірі мегаполис саналатын Алматының жол қозғалысы, жол қауіпсіздігі және басқа да ахуал тұрақталады деген сенімдеміз және осы көлік құралын тізгіндейтін азаматтарға жауапкершіліктің көзделгені өте жақсы. Өйткені басқа жол жүру процесіне қатысушыларға жауапкершілікпен қарап, олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмейтіндей іс-әрекеттер жасайды.

Сондай-ақ бекітілген заңға сәйкес самокат тізгіндеген азамат түймеленетін арнайы баскиім киюі керек. Оғант қоса түнгі уақытта жүргенде жарыққа шағылысатын киімі немесе заты болуы тиіс.

Айта кетейік, Франция, Швеция, Голландия сияқты мемлекеттер самокаттан бас тарта бастаған. Мәселен, Стокгольмде жаяу жүргіншілер жолымен самокатпен жүруге болмайды. Ал Париж одан мүлдем бас тартқан. Жалға беруге тыйым салынған. Голландияда дәл осындай. Самокат заңсыз саналады. Қоғам белсендісі Бекнұр Қисықов бізде де қауіпсіздік мәселесі басты орында болуы тиіс деп санайды.    

Бекнұр Қисықов, қоғам белсендісі:

- 6 шақырым, әлбетте, олардың жылдамдығы шектеп тұрады да, соның арқасында мүмкін қауіпті болмайды. Бірақ негізі оларға арнайы жол болуы керек деп ойлаймын. Экологтар самокат пайдалы ауаны сақтайды деп айтады. Біз жаяу жүретін адам млн адамбыз. Біз ауаны сақтамаймыз ба? Бірінші адам жайлы ойлау керек. Адам қалай жүріп жүр. Адамға қауіпті ме, қауіпті емес пе. Жаяу жүргіншіге. Сол жағынан қарағанда, заңды қолдап тұрмын.

Айта кететін болсақ, жыл басынан бері елімізде самокатқа қатысты 40-тан аса оқиға тіркелген. Самокат тебушілерге арналған заң 60 күннен соң күшіне енеді.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Әбен Нарымбаев, Сұлтан Бейскенов.