Елде есірткі қылмысымен күрес күшейді
Әлемде кейінгі 10 жылда есірткіге әуес болғандардың саны 23 пайызға артты.
Мамандар осылай деп дабыл қағуда. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметінше, тыйым салынған заттарды 300 миллион адам тұтынады. Ал Қазақстанда есепте тұрған нашақорлар саны 18 мыңнан асып жығылады. Тәртіп сақшылары бір аптада 2000 келіге жуық синтетикалық затты тәркілеп үлгерген.
«Елде 100 мыңнан астам адам тұрақты түрде психоактивті заттарды пайдаланады. Олардың басым бөлігі есірткіге тәуелді. Бірақ бұл көрсеткіш өздері көмек сұраған азаматтарды есепке алғандағы статистика ғана. Нашақорлардың нақты санын анықтау мүмкін емес», - дейді мамандар.
Алмас Құсайынов, менталды денсаулық емханасының басшысы:
- Психоактивті заттарды пайдаланатындар, есепке тұрып, бақылаудан өткісі келмейді. Олар дер кезінде дәрігерге қаралмайды. Бұның салдары ауыр, кейін медициналық көмек алуына тосқауыл болады.
Есірткімен күресте, дрон және спутниктер іске қосылған. Құрылғылардың көмегімен, бір айда 200-ден астам қылмыс анықталып, 5 есірткі зертханасы жойылды.
Бақытжан Әмірханов – ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары:
- Жыл сайын «Қарасора» операциясын жүргіземіз. Арнайы құрылғы қолданамыз. Әсіресе Шу алқабы мен сора өсетін Қызылорда аймағын тексереміз.
Айсұлу Ерниязова, "Жастар" ғылыми-зерттеу орталығының директоры:
- Жастар санатына кіретін азаматтардың жасы 35-ке дейін ұлғайды. Сәйкесінше, жастар арасындағы нашақорлар саны артты. Қазір біздің орталық, жастар арасында есірткінің не себепті белең алып кеткенін зерттеп жатыр.
Полицейлер кейінгі бес айда 3 тоннадан астам есірткі тәркілеп, 35 зертхананы жойған. Заңсыз заттармен күресудің 2025 жылға дейінгі кешенді жоспары қабылданды. «Есірткімен күрес алдағы уақытта күшейе түседі» - дейді мамандар.
Авторы: Альмира Оразбай