Атырау облысында науқас жандарға еңбек терапиясы ұйымдастырылып отыр

Атырау облысы Махамбет ауданында әлеуметтік қызмет көрсету орталығы жанынан қоян және тауық шаруашылығы ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Орталықта тағдыр тәлкегімен отбасынан оқшауланған науқас адамдар тұрады. Міне осы таптағы адамдарға еңбек терапиясы өте қажет. Осыны ескерген орталық өз тұрғындарын жұмыспен қамтып, жаңа жобаларды қолға алып жатыр.

«Қояндар мен тауық үй-жайы» деп аталатын шағын шаруашылықтың ашылғанына көп болған жоқ. Дегенмен қазірдің өзінде балапандар шығып, көжектер көріне бастапты. Бұл ертелі-кеш орталықтың төрт қабырғасында қамалғандар үшін үлкен ермек, алданыш секілді. Солардың бірі Эдуард Берлешов нұсқаушысына қолғабыс ете жүріп, шаруаға төселген.  

Эдуард Берлешов, орталық тұрғыны:

- Жұмыртқа беріп жатыр тауықтар, қоянды да асырап жатырмыз. Бара-бара көбейеді бұлар. Шаруашылықты жақсы көрем, іште жатқым келмейді. Егінді баптаймын. Қазір қоян, тауық болғасын, солардың қасында таңертеңнен кешке дейін қарап, суын, жемін беремін. Қоянды көруге келеді қыздар.

15 сотық алқапты алып жатқан жүзім бағының да күтімін қызмет алушылар жасайды. Еңбек етеді, шаршаса, ән салып көңіл көтереді. Осылайша, жанына ермек табады.

Серікқали Ғабдуллин, еңбек терапиясының нұсқаушысы:

- Жыл сайын еңбек терапиясының жоспары болады. Сол жоспарға сай қоян, тауық үй-жайын салуды жоспарлап едік. Соны 2,6 айда іске асырдық. Бұл ешқандай пайда табудың көзі емес. Қызмет алушылардың демалысына, еңбек етуіне жағдай туғызу.

Орталықта тұрмысқа керектің бәрі қарастырылған. Спорт алаңдары, асхана, монша – барлығы уақытымен ашылып қызмет көрсетеді. Мұндағы тұрғындардың дені қыз-келіншектер болғандықтан, тігін цехы жұмыс істейді.  Сыртқы тірліктен оқшау қалғанымен, қызмет алушылардың еңбек етуге ынтасы зор.

Гүлнәр Зейнеденова, орталық директоры:

- Құлышыныстары өте керемет. Таңның атысынан қай уақытта да көмек беруге дайын. Біздің мекемеде 5 еңбек терапиясы нұсқаушысы қызмет атқарады. Оларға осы 310 қызмет алуышының 130-ы жұмысқа баулынып отыр.

Облыс бойынша осындай 4 орталықта 1000-нан астам қызмет алушы тұрады. Олардың 70%-і нағыз еңбек жасындағы азаматтар болғандықтан орталық әлеуметтік жобаларды жалғастырмақ. Айтқандай, қазірдің өзінде ешкі қораның құрылысы жүріп жатыр. Оны жүргізіп жатқан – орталықтың өз тұрғындары. Енді аз күнде қорамыз малға толады, - дейді олар.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин.