Ұлты литвалық ұстаз домбырамен қазақ тілін үйреніп жүр
Бронислав Бугинас қазақтың көне аспаптарын танып қоймай, кейбірін меңгеріп алған, деп хабарлайды «Хабар 24».
Ұлты литвалық отандасымыз білгенін балаларға үйретіп, жеткіншектерді өнерге баулып жүр.
Бронислав Бугинастың ұлты – литвалық. Ұлытау облысы Қарсақпай ауылынан елордаға көшіп келгеніне 10 жыл болды. Қазір «вокал және музыкалық аспаптар» үйірмесінің жетекшісі қызметін атқарады. Бронислав домбыраның құлағында ойнайды. Қазақтың ұлттық аспабы өмірімде айырықша орын алады, - дейді ол.
Бронислав Бугинас, қала тұрғыны:
- География факультетінің 2 курс студенті едім. Жезқазған қаласында жастар арасындағы шығармашылық байқауға қатыстым. Алматыға жолдама жеңіп алдым. Содан бастап өнерге, домбыраға деген қызығушылығым артты. Кейін музыкаға ден қойып, оқуымды ауыстырдым. Міне, осылайша домбыра, өмірімді күрт өзгертті.
Өнерімен көпті тәнті еткен литвалық азамат мемлекеттік тілді де меңгере бастаған. Домбыра арқылы, қазақтың мәдениеті мен салт-дәстүрін таныдым. Тілін үйреніп жүрмін, - дейді Бронислав.
Бронислав Бугинас, қала тұрғыны:
- Мен 10 жыл бұрын Астанаға келдім. Оқушылар сарайында жұмыс істеймін. Біздің студияда біз ән айтамыз, қазақ аспаптарымен таныстырамыз, ойын ойнаймыз.
Альмира Оразбай, тілші:
- Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-пәл кем бұра, Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра! Ақын Қадыр Мырза Әлі, өлең шумағымен бұл аспаптың киелілігін осылайша жеткізген. Расында, домбыра – көнеден қалған асыл мұрамыз. Қазақ халқы мұң-наласын да, қуанышын да дәл осы музыкалық құралмен жеткізіп отырған. Себебі онда қазақтың иісі мен болмысы, тарихы жатыр.
Бронислав Бугинас ұлттық аспаптар жинаумен әуестенеді. Коллекциясында қазақтың түрлі домбырасымен қатар қобыз, саз-сырнай, тұяқтас, тіпті сыбызғыға дейін бар.
Бронислав Бугинас, қала тұрғыны:
- Негізі менің мұғалімдік тәжірибем – 40 жыл. Бұл уақыт ішінде көптеген ұлттық аспапты жинап үлгердім. Бірін достарым сыйға тартқан, бірнешеуін туған-туыстарым табыстаған. Бір жерден музыкалық аспап көрсем, сатып аламын.
Бугинас бүгінге дейн 1000-нан астам балаға домбыра шертуді үйреткен. Алдағы уақытта музыка арқылы балаларды отансүйгішікке тәрбиелеп, қазақ тілін насихаттаймын дейді.
Авторлары: Альмира Оразбай, Арман Ақшабаев.