БҚО-дағы мектеп құрылысы қашан аяқталады?
Былтыр Батыс Қазақстан облысында 12 білім ордасы уақытылы жөнделмей, балалар тар жерде оқуға мәжбүр болды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Соның бірі – Бөкей Ордасы ауданы Хан Ордасы ауылындағы орта мектеп. Білім ұясында 2021 жылы басталған жөндеу жұмыстары былтыр бітуі тиіс еді. Алайда құрылыс әлі жалғасып жатыр.
500-дей оқушы Мәдениет үйінде, қонақ үйде, өзге де ғимараттарда білім алып келген. Нысанды күрделі жөндеуге қазынадан 376 миллион теңге қаралыпты. Облыстық білім басқармасы құрылыс компаниясын сотқа бергенімен, жеңіліп қалған. Мердігер әкімдіктің уақытылы қаржы аудармағанын айтады. Құрылысқа жауаптылар білім нысанын 1 тамызға дейін тапсырамыз деп уәде беріп отыр.
Майдан Батыров, Хан Ордасы ауылының тұрғыны:
- Былтыр да үлгертеміз деді, қалды. Биыл да үлгертеміз деді, әлі істеп жатыр. Осындай мектеп бітпегесін, балалар қазір жүр, ана мейманханада оқып жүр, интернаттың тар бөлмелерінде. Балалардан қандай сабақ күтуге, оқытушылардан қалай сабақ бер деп айтуға болады. Ешқандай жағдай жоқ.
Әзіретшері Шәден, мердігер:
- 2021-де тамыз айына дейін бізге ақша төлей алмады. Біз басында сәуірге дейін 120 млн істеп қойдық. Бізге «аванс» төлей алмады. Сол үшін біз сәуірден тамыға дейін тоқтап тұрдық екі орта. Тамыздан кейін, бұл жақтың жолын білесіз ғой, жол жоқ, жаңбыр бар. Ақша бөлгенде материал жеткізе алмай қалдық. Негізгі себеп сол болды. Сол үшін созылып кетті.