Шымкенттік коллекционер 1000-нан астам сирек кездесетін кілем жинаған
Шымкент қаласында қарапайым аула қоршауы өнер туындысына айналды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Белгілі коллекционер Дана Бектаева шарбаққа қазақ кілемдерінің суретін салдыртқан. Ол осы әдіс арқылы ұлттық қолөнерді дәріптеуді көздейді.
Қаланың орталығындағы мына аула қоршауы көздің жауын алады. Бір кездері сұрықсыз болған материал енді қазақ кілемдерінің бейнесімен жарқырап тұр. Маңайдан өтіп бара жатқан тұрғындардың бәрі тамсана қарап, суретке түсіп жатыр.
Кәмшат Дәуірбаева, қала тұрғыны:
- Осы алаңда тұрамын. Мынаның бәрін істеп жатқан – Дана деген көршіміз. Біз де ол кісіге атсалысып, қаржылай қолымыздан келгенше көмек беріп жатырмыз. Осыны жасап, сөйтіп, ауламыз әдемі болып, көркейіп, жақсы болып қалды.
Коллекционер Дана Бектаеваның өзі осы ауладағы пәтерде тұрады. Ол бала күнінен бері қолдан тоқылған кілемдерге қызығады екен. Қазір сирек кездесетін кілемдер топтамасын жинап та жүр. Аула қоршауына солардың бірқатарының бейнесін салғызыпты.
Дана Бектаева, коллекционер:
- Коллекциямдағы ең күшті деп айтуға болатын кілемдерді осы қоршауға салдық. Келешекте осындай бүкіл әр аулада қазақтың кілемдерінің суреттері болса, біздің балаларымыз әдемі аулада өссе, олар да әдемі азаматтар болып өседі деп ойлаймын.
Дана мыңнан астам кілем жинаған екен. Олардың ішінде ХІХ ғасырға тиесілі жәдігерлер де бар. Коллекционер енді мемлекеттік органдардан кілем музейін ашуды сұрап отыр. Өзінің топтамасындағы құнды мұраларды сол жерде көпшілік назарына ұсынуға дайын. Осы арқылы төл өнерді насихаттап қана қоймай, туризм саласына да оң ықпал етеріне сенімді.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Самат Нағашбекұлы.