Павлодардың іздестіру жасағы Ленинград облысында боздақтарға ескерткіш қойды
Павлодарлық «Майдан жолы» іздестіру жасағы Ресейдің Ленинград облысына зерттеу экспедициясына аттанды.
Мақсат – соғыс жылдарында кескілескен ұрыстарда қаза тапқан батыр бабаларымыздың рухына тағзым ету. Қазақ жерінде құрылған 314-атқыштар дивизиясының жауынгерлері ерлік көрсеткен жерлерде қазба жұмыстарын жүргізу. Сапар аясында отряд мүшелері сарбаздардың құрметіне граниттен ескерткіш қойды.
Бұл Ленинград облысы Подпорожск ауданының Ивановск даласы. Соғыс жылдары дәл осы аумақта қанды шайқастар болған.
«Батырлар жолымен» халықаралық жобасы шеңберіндегі қазба жұмыстарының басталғанына 10 күннен асты. Павлодарлық іздестірушілерге «Важинский поисковик» жасағының белсенділері көмекке келді. 13 жыл ішінде отряд мүшелері 800-ден астам жауынгердің жатқан жерін тапқан.
Юрий Шершнёв, "Важинский поисковик" жасағының командирі:
- 65 медальон табылды. Ерлердің жеке заттарының көмегімен батырларымыздың аты-жөндері анықталып, ақпарат туыстарына берілді. Біз мұрағаттық зерттеу жұмыстарын қатар жүргіземіз. Биыл іздестіру жасағының жұмысына арналған кітап та жарық көрді.
Подпорожск ауданын азат ету ұрыстарында қазақ жерінде құрылған 314-атқыштар двизиясының сарбаздары қатысқаны белгілі. Ұрыс даласында 110 мыңдай жауынгер қаза тапты. Олардың басым бөлігі әлі күнге дейін хабар-ошарсыз кеткендер санатында. Алдағы уақытта осы жерде іздестірушілердің мұрындық болуымен мемориал құрылмақ.
Александр Шитов, "Майдан жолы" іздестіру жасағының командирі:
- Ленинград қаласына қауіп төнгенде 314-дивизия Новогород облысында болды. Жауды тоқтату үшін қосымша әскер керек болғандықтан, біздің сарбаздар осы жерге келді. Мұрағаттық деректерде отандастарымыздың әскери шеберлігі, батылдығы туралы жазылған.
Зерттеу жұмыстары нәтижесінде осы аумақта 1945 жылға дейін фронттық госпиталь жұмыс істегені анықталды. Сұрапыл соғыс жылдарында 314-дивизияның жанындағы 243-бөлек санитарлық батальонның дәрігерлері талай ердің өміріне араша болды.
Экспедиция аясында ақ желеңділердің ерлігіне тағзым ету мақсатында гранит ескерткіш орнатылды. Павлодарлық іздестірушілер бүгінгі күнге дейін туған топырақтан жырақта көз жұмған жауынгерлердің ерлігіне 20-дан астам белгі орнатқан.
Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков