Әлеуметтік кодекс әлеуметтің әлеуетін көтеруі тиіс
Адамның ғұмырын толық қамтитын бұл заңнамада өзгеріс баршылық.
Өзекті жаңалықтардың бірі – зейнетақыны кезең-кезеңімен көтеру. Соның нәтижесінде 4 жылда зейнетақы жарты есе ұлғаяды.
Әлеуметтік кодексте зейнеткерлерге айрықша көңіл бөлінген. Яғни, биылғы 1 қаңтардан бастап 2027 жылға дейін базалық зейнетақы 51 пайызға өседі. Бұл қолдау шараларымен 2 миллионнан астам зейнеткер қамтылады.
Тамара Дүйсенова, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
- Зейнетақы мөлшерін арттыру және жүйенің қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жыл басында базалық және еңбек зейнетақылары мөлшерін есептеу параметрлері өзгертілді. Саралап көтеру механизмін қолдану нәтижесінде ең төменгі базалық зейнетақы көлемі 21 пайызға дейін өсті. Бұл зейнетақысы аз зейнеткерлер үшін үлкен әлеуметтік қолдау болды. Ал болашақ зейнеткерлер үшін 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс берушілер тарапынан қосымша зейнетақы жарналары төлене бастайды.
Сондай-ақ, салымшылар зейнетақы жинақтарының жартысын компаниялар басқаруына тапсыра алады. Және таңдауды өздері жасайды. Ал, жинаққа компания жауапты. Сондықтан, салымшы абай болғаны жөн.
Андрей Чеботарёв, сарапшы:
- Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына салған ақшаның өсуі баяу жүретіні анық. Ол жүйе, негізінен, сақтауға арналған. Ал жекеменшік компаниялардағы қаржының тез ұлғаятыны рас. Соңғы бір жарым жылда акция нарығындағы жағдай қиындап тұр. Инфляция, соғыс. Алайда, бәрі аяқталғанда нарық бірден көтеріліп, жекеменшік компаниялар жақсы табыс әкеледі деп ойлаймын.
Ана мен балаға қамқорлық күшейеді. Жыл басынан бері бала күтіміне берілетін төлем мерзімі 1,5 жасқа дейін ұзарды. Енді, көпбалалы аналарға төленетін жәрдемақы мөлшері де ұлғаяды. Яғни, 90 мыңға жуық ана кодекстің шарапатын көруі тиіс. Сондай-ақ, мүгедек жандар да назардан тыс қалмайды.
Төлеген Оспанқұлов, ҚР ЕХӘҚМ еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы:
- 1 шілдеден мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыны 14,5 пайызға қосымша арттыру көзделген. Бұл жұмысты біз бүгінге дейін толық атқардық, ертең 1 шілде басталғаннан кейін бұл жәрдемақыларды көтерілген жағдайда алатын болады.
Онлайн платформаларда еңбек етіп жүрген азаматтар кодекс аясында қамтылмақ. Оларға «тәуелсіз жұмыскер» деген мәртебе беріледі. Жер-жерде еңбек ұтқырлықтары орталықтары құрылады. Бұл оларды әлеуметтік қолдау үшін көтерілген бастама болмақ.
Авторы: Нұрқанат Қанапия