Маңғыстау өңіріндегі 2 елді мекенде «Сергек» камералары іске қосылды

Маңғыстау өңіріндегі 2 елді мекенде көше камералары іске қосылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

1 шілдеден бері Ақтаудың өз басы мен Мұнайлы ауданында 1138 бейнебақылау құралы жол тәртібін бақылап тұр. Оның 638-і Ақтауда, қалғаны Мұнайлыда. 

Мемлекеттік-жеке серіктестік негізінде жүзеге асқан жобаның құны – 6 млрд 609 млн теңге. Жолдарға бейнебақылау құралын орнату, қолдану әрі қызмет көрсету бойынша 5 жылға келісімшарт жасалған. Жүргізушінің ереже бұзғаны туралы ақпарат бірден орталыққа келіп түседі. Мұнда әр бейнежазба 30 күн сақталады.

Айта кетсек, әзірге ешқандай статистикалық дерек айтылған жоқ. Жолдағы тәртіпсіздіктер туралы мәлімет 1 аптадан соң ресми жарияланады.  

Сүйін Құрмантаев, ПД ӘПБ бастығының орынбасары:

- Жылдамдықты асыруы. Қарсы бағытқа шығуы. Бағдаршамның тыйым салынған тұсынан өтуі, яғни «Қызыл» сигналдан өту және тұтас жолақты кесіп өтуі бойынша құқықбұзушының ұялы телефон нөміріне SMS-хабарлама барады. Азамат 7 күн ішінде 50%-тік мөлшерде айыппұлын төлей алады немесе 1 ай ішінде ерікті түрде төлей алады. Төлемейтін жағдайда аталған нұсқама жеке сот орындаушылардың өндірісіне түседі.