Түркістан облысында 2000 жыл бұрынғы алтын сырға табылды. Эксклюзив

Сарыарық ауылы маңындағы үңгірден 2 мың жыл бұрынғы алтын сырға табылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл – Түркістан облысы Ордабасы ауданына қарайтын елді мекен.

Тарихи жазбаларға қарағанда ол жер бұрын тоналған. Бірақ соған қарамастан осындай жәдігердің сақталып қалуы археологтарды таңғалдырып отыр. Олар Қаңлы мемлекетіне тиесілі басқа да құнды артефактілердің табылып жатқанын айтады.

Археолог Александр Подушкин 2 мың жыл бұрын жасалған алтын әшекей жайлы өз ойын тебіреніспен жеткізді. Шиыршық үлгісінде әзірленген алтын сырға өте жақсы сақталған. Иә, 20 ғасыр бұрын сәнқой әйелдер мен қыз-келіншектер осындай алтын әшекейлерді пайдаланған.

Александр Подушкин, профессор:

- Бұл шиыршық түсті сырғаның басында иненің көзіндей ғана саңылау бар. Демек ол сырғаны байлауға арналған. Қазіргі заманның әйелдері үлкен әшекей бұйымдарға құмар келеді. Ол 2 мың жыл бұрын да солай болған. Себебі үлкен бұйым көзге жақсы көрінеді. Сақ тайпасына қарағанда қаңлылар алтынға сонша құмар болмаған. Дегенмен дәулетті адамдардың әйелдері оны сәндік бұйым ретінде қолданғанын аңғаруға болады.

Археологтар үшін, әрине, бұл – өте үлкен олжа. Өйткені көне қорымдар бағзы замандардың өзінде аяусыз тоналған. Ғалымдар үшін бұл жолғы қазба жұмыстары өте сәтті болды. Олар 400 моншақтан тұратын алқа мен ақық тасы бар күміс сақина және кірпік бояуға арналған бұйымды да тауып алды. Бірақ археологтарды қатты таңғалдырғаны – алтын мен күміс әшекейлер емес, керамикалық бұйымдар.

Александр Подушкин, профессор:

- Мен мұндай дүниені бірінші рет көріп тұрмын. Құмыраның мойны ұзын және өте жіңішке екен. Демек оған өте құнды бір сұйықтықты құйып, сақтаған. Оның әдемілігін сөзбен айтып жеткізе алар емеспін.

Бұл құмыралардың 2 мың жылдық тарихы бар. Бірақ күні кеше ғана жасалған сияқты. Әшекей мен құмыра формаларының өзі сол замандағы керамикалық өндірістің өте жоғары деңгейде болғанын айғақтайды.

Мұратжан Жамалов, студент:

- Әр сантиметр қазған сайын бір нәрселер шығады. Мәселен, мына жерден құмыра табылған, әшекей бұйымдар, пышақ табылған және 3 адамның сүйегі. Ата-бабаларымыз жасаған әшекей бұйымдарды, құмыраларды қолыңда ұстап тұру өте ерекше әсерге ие.

Археологтардың айтуынша, мұнда бір кездері тіршілік қыз-қыз қайнап жатқан көне қала болған. Күлтөбе қалашығынан көне жазбалар бедерленген қыш кірпіштер де табылып жатыр. Ондағы мәтінді бүтін бір лингвистикалық материалға балауға болады. Мұндай керамикалық кестелерді оқумен әлемдік деңгейдегі палеолингвист Николас Симс-Уйльямс айналысып келеді. Ғалымдардың айтуынша, қыш кірпіштегі жазу көне арамей тілінде жазылған. Ол өз кезегінде ежелгі Қаңлы мемлекетіне қатысты тың деректерді ашуға септігін тигізеді.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Катерина Попкова, Самат Нагашбекулы.