Елде электр қуаты 30%-ке дейін қымбаттауы мүмкін
Тұрғындар тарифтердің көтерілуін осы айдан сезе бастайды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Баға бұған дейін 1 қаңтар мен 1 мамырда да көтерілген болатын. Ұлттық экономика министрі бұл үрдісті жылыту маусымына дайындыққа жұмсалатын шығындардың артуымен байланыстырды.
Желілер мен жылу беру орталықтарын жаңғырту мәселелері тарифке өзгерістер енгізу арқылы шешіліп жатыр. Сондай-ақ саладағы жұмыскерлердің жалақысын артыру да тариф құнының көтерілуіне әсерін тигізіп жатыр.
Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:
- Біз негізінен 20-30% деп қарастырып жатырмыз. Себебі Астанада басқа өңірлерге қарағанда тиімді тариф белгіленген. Бюджеттік ұйымдарға көбірек салмақ түседі. Олар тұтынушылар мен жеке тұлғаларға қарағанда бірнеше есе көп төлейді. Еліміз бойынша кейбір аймақтарда 11 есеге дейін жетеді.
Ал Энергетика министрлігінің өкілдері осы айдан бастап елде «Бірыңғай сатып алушы» жүйесі енгізілгенін жеткізді. Ірі станциялардың электр энергиясы бірыңғай сатып алушының қолынан жергілікті және көтерме тұтынушыларға сатылып отырады. Бұл шара электр қуатының тапшылығын жойып, энергетика нысандарын жаңғырту мақсатында енгізіліп отыр. Елде 2025 жылдан бастап электр қуатының бірыңғай нарығы құрылып, жұмыс істей бастайды.
Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:
- Орташалау есебінен кейбір өңірде тарифтерді көтеру жоспарланған. Осы себепті заңда атаулы субсидия жоспары қарастырылған. Күрт қымбаттауды бәсеңдету үшін белгілі бір аймақтарға жоспарлы кезеңге мемлекет арқылы қолдау болады. Бағалар ретке келтірілген соң бұл субсидиялар төленбейді.