ҰБТ-ның орташа көрсеткіші – 70 балл

Биыл ұлттық біріңғай тестілеуден өткен түлектердің орташа көрсеткіші 70 балды құрады.

Бұл былтырғы көрсеткіштен 3 балға артық. Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев өзінің фейсбук парақшасында ҰБТ-ның статистикалық деректерін хабарлады. Мемлекеттік грантты иеленуге мүмкіндік беретін негізгі ұлттық сынақ енлді аяқталды. Оған биыл 304 мың түлек қатысқан. Мектеп бітірушілердің 76 пайызы емтиханды қазақ тілінде тапсырды. Шекті балл жинағандардың үлесі 79 пайыз. Былтырмен салыстырғанда 10 пайызға жоғары.

Айта кетерлігі, мемлекет басшысының тапсырмасымен биыл грант саны 5 мыңға артқан. Бұл гранттар батыс өңірі және жаңадан құрылған облыс жастарына арналып отыр. Гранттардың 60 пайызы  инженерлік және техникалық мамандықтарға бөлінген. Аймақтардағы Педагогика мамандығына арналған квота 47 пайызға дейін ұлғайды. Оның өзі аймақтардағы жоғары оқу орындарына қарастырылып отыр.  Жалпы, 2023-2024 оқу жылында бакалавриатқа – 73 061,  ал магистратураға – 13 088 грант бөлінген. Докторантураға 1 890 грант қарастырылған. Сонымен бірге, биыл студенттердің стипендиясы 20 пайызға өсіріледі.