Астанада «Gulastana Ecourban Open Air» фестивалі аяқталды
Астананың 25 жылдығына орай алғаш рет ұйымдастырылған «Gulastana Ecourban Open Air» фестивалі аяқталды, деп хабарлайды «Хабар 24».
EXPO алаңы 2 күн бойы әлемдегі ең ерекше гүлдермен көмкерілді. Флористер гүлдерді безендіру бойынша сынға түссе, урбанистермен шикізатты қайта өңдеу саласының мамандары пластиктен түрлі дүниелер жасап, қоқысты кәдеге жаратудың қыр-сырын үйретті. Экобелсенділерді біріктіретін маңызды шарада тағы қандай қызықтар болды?
Азамат Серікхан, тілші:
- «Gulastana Ecourban Open Air» фестивалінің екінші күні. Қала мерекесінде көңіл күй керемет. Бірі ән айтып, би билеп, енді бірі байқауларға қатысып жатыр. Дәл қазір біз флористер байқауындамыз. Мұнда флористер гүлдерден әртүрлі композиция жасап, бақ сынап жатыр. Айта кетейік, мұндағы гүлдердің барлығы Қазақстан аумағында өседі.
Экологияны ластамау, тазалық және экобелсенділердің басын біріктіру – жобаның басты мақсаты. 2 күннен бері EXPO алаңы гүлдер қалашығына айналған. Әлемдегі ерекше гүлдерді де осы жерден кездестіресіз. Флористер де кешелі бері киіз үйлерді және фотоаймақтарды безендіріп, сынға түсті. Ұйымдастырушылардың сөзінше, тұрғындардың осы фотоаймақта түскен фото, видеолары әлеуметтік желіде көп қолдау тапса, сол сурет иесіне Біріккен Араб Әмірлігіне жолдама береміз деп отыр. Фестивальге ел аумағынан жиналған бағбандар, суретшілер, қолөнер шеберлері мен экологтар қатысты.
Алёна Гордеева, «Gul Astana» фестивалінің режиссері:
- «Гүл шаһары – Астана» – бұл жас суретшілер байқауы. 86 суретші қатысты. Ақтық сынға лайықты деп танылған 15 сурет иесі арнайы номинациялармен марапатталды. Олардың жұмыстары қазір фестивальде келушілер назарына ұсынылған. Біз экологиялық бағытқа және жаңашылдыққа аса мән бердік. Фестиваль арқылы еліміздің экология және көгалдандыру мәселелерін көтергіміз келді.
Алғаш рет ұйымдастырылып отырған ауқымды шарада мерекелік көңіл күй ғана емес, әлеуметтік-экологиялық мәселелер де шешіледі. Мәселен, Урбанистика орталығының мамандары тұрғындар үшін арнайы «жасыл карта» тақтасын әзірлеген. Әр тұрғын өзі тұратын ауданды таңдап, сол аумаққа қажетті саябақ, көгалдандыру жетіспейтіні туралы айта алады. Бұл тілегін олар қағазға жазып, инемен картада көрсетілген мекенжайға жапсырады. Урбанистер азаматтардың өтінішін соңында саралап, бұл ұсыныстарды қала билігіне жеткізбек.
Әмина Бөгенбаева, Астана қалалық Урбанистика орталығының маманы:
- Мысалы, сіздерге осы көгалдандырудың схемасы ұнамай ма, соны айтыңыз. Немесе сізге бассейн орнату керек пе, оны да айтыңыз. Өйткені Урбанистика орталығы барлық сіз жолдаған пікірлеріңізді алып, қорытындылайды. Ол қорытындылармен жұмыс жасауға тырысамыз.
Мұнан өзге, қатысушылар қайта өңделген материалдардан жасалған бұйымдарды ұсынды. Бірі пластиктен қолөнер туындыларын жасаса, енді бірі жарамсыз затты қалай кәдеге жаратуды көрсетті. Фестиваль аясында «Дармарка» деп аталатын экологиялық шара да келушілердің қызығушылын оятты. Кез келген тұрғын өздері пайдаланбайтын заттарын қоқысқа тастамай, осында әкелсе болады және ұнатқан бұйымдарды да алып кетуіне рұқсат.
Ұйымдастырушылар бұл бастама тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалысптастарады дейді.
Авторлары: Азамат Серікхан, Жандос Битабаров.