Жетісу облысындағы Басши ауылында спорт ғимараты ашылды

Жетісу облысындағы Басши ауылының балуандары енді жаңа ғимаратта жаттығады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алтынемелдің етегіндегі елді мекенде еркін және грек рим күресіне арналған зал ашылды. Оны салуға жергілікті бюджеттен 135 миллион теңгеден астам қаражат бөлінді. Құрылыс жұмыстары уақытылы аяқталып, нысан Астана күніне орай ел игілігіне берілді. 

Спорт нысанының аумағы 350 шаршы метрден асады. Киім ауыстыратын, жуынатын бөлме мен жаттығу залы бар. Ауылдағы айтулы шараға боз кілемдегі балалар ерекше қуанып жүр. Себебі олар бұған дейін құлағалы тұрған пошта ғимаратында жаттығып жүрді.

Жомaрт Қалибек, оқушы:

- Бұрыңғы поштада жуынатын ондай жағдай болмады. Қазір жағдайдың бәрі жақсы. Жаттығу жасайтын турник, басқа да заттар жасалды. Бұған дейін мектеп ауласына барып жүретінбіз.

Күрес залындағы алғашқы жаттығуды әлемдік және құрлықтық жарыстардың жеңімпазы Марғұлан Әсембеков өткізді. Осы ауылдың тумасы ізбасарларын жігерлендіріп, ұтымды әдіс жасаудың бірнеше тәсілін көрсетті.

Марғұлан Әсембеков, грек-рим күресінен Азияның екі дүркін чемпионы:

- Мен негізі 1998 жылы бастағам күресті. Ол кезде армандадық қой, жылу болған жоқ. Мұндай душ болған жоқ. Қолдан кілем жасап тігіп өскен болатынбыз. Қазіргі жастарда бәрі бар. Қазір бәрі өз қолдарында. Кім еңбек етеді, сол чемпион болады.

Жақыпбек Самылтырұлы, Басши ауылдық қариялар алқасының төрағасы:

- Осындай орталықтарымыз болмаса, балаларымыз көшеде қаңғырып, басқа да бір теріс жолдарға түсіп кету мүмкін еді ғой. Осының ашылуы арқылы бүкіл жастар осы жерге топтасып, тәртіпті және денсаулығы зор мықты азамат болып өсуіне мүмкіндік туып отыр.

Кербұлақ ауданында салынған күрес залы – ауқымды жобаның бастамасы. Жыл соңына дейін бірнеше ауылда спорт кешені мен күрес залы ашылады. 

Ұлан Рысқұл, Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

- Құдай қаласа, жылдың соңына дейін осындай 10 ФОК спорт кешені беріледі. Бұл – біздің ауылдық жерлерге өте керек дүние. Өйткені біздің спортшыларымыз, палуандарымыз ауылдан шығып жатыр. Бізде теннис орталығы салынады. Волейбол жатақханасы салынып жатыр. Үлкен жұмыс атқарылып жатыр.

Жетісу облысында алдағы 4 жылда қырық шақты шағын спорт кешені салынады. Осылайша, ауыл балаларының салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасалады.  

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов.