Елордада жаңа көпірлер салынады

Елордада оң жағалаудан сол жағалауға өту үшін қосымша көпірлер салынады.

Мұны арнамыздан шығатын «Сұхбат» бағдарламасында Астана әкімі Жеңіс Қасымбек айтты. Бұдан бөлек, қозғалысы көп көшелерде жол айрығы пайда болады. Осылайша, бас қаладағы кептелісті реттейміз, - деді әкім. Әрі елорданы өмір сүруге қолайлы қала етуге уәде берді. Шаһар басшысы қазір қордаланған мәселелерді шешуге күш салып жатқанын жеткізді.

Жеңіс Қасымбек, қала әкімі:

- Өкінішке қарай, бірнеше проблема бар. Мұны Мемлекет басшысы да атап өтті. Қала тұрғындары да айтып жүр. Мысалы, мүмкіндігі шектеулі азаматтар барлық жерге емін-еркін кіріп жүре алмайды. Кедергілер бар. Бұл мәселе шешіледі деген сенімдеміз. Бас жоспар осындай оң өзгерістер жасауға бағытталған.

 

Әкім бас қаланы көгалдандыруға уәде берді

Қала әкімдігі Астананы барынша жасыл қала қылуды жоспарлап отыр. Биыл миллионға жуық көшет пен ағаш егіледі. Елорданың іші ғана емес, шаһар шеті де көгалдандырылады. Игі істің игілігін тұрғындар шамамен 3 жылдан соң көре алады, - деді әкім. Бұл ретте өсімдіктерді суару мәселесі реттелмек. Осы іске жауапты мекеме техникамен қамтамасыз етіледі. Көшет өсіретін бақтардың жұмысын да жүйелеу көзделіп отыр.