Сарыағаш ауданында ұлттық тәрбиені ұлықтайтын отбасы тұрады
Түркістан облысы Сарыағаш ауданында ұлттық тәрбиені ұлықтайтын отбасы тұрады.
Жарылқасын қария жаз шықса киіз үй тігіп, қаладағы немере-шөберелерін ауылға жинайды. Жеткіншектердің бойына ұлттық салт-дәстүр мен әдеп-ғұрыпты, қазақы тәрбиені сіңіреді.
Жасы жетпістен асқан Жарылқасын ақсақал өмір бойы ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіпті. Жұбайы Зылиха апай екеуі бес ұл тәрбиелеп өсірген. Қазір қазыналы қариялар перзенттерінен 24 немере мен 3 шөбере сүйіп отыр. Балаларының барлығы еншісін алып, өз алдына жеке отау тігіп кетсе де немерелерінің барлығы жазғы демалысын қара шаңырақта өткізетінін айтады. Оның да өз себебі бар.
Жарылқасын Ергеш, Сарыағаш ауданының тұрғыны:
- Қазақ ретінді тілді қатты бағалаймын. Сондықтан балаларымда таза қазақша білсе деген арманым. Тілден кейін ұлттық салт-дәстүрді үйренсе деймін. Сол үшін мына киіз үйді алдырдым. Соның ішінде балаларыма білгенімді, өсиеттерімді, домбырамен әндер үйретемін. Олармен бірге шахмат ойнаймын. Өзімде қандай жақсы қасиет болса соны үйретуге талпынамын. Атадан қалған мұраны ары қарай жалғастырса деген арманым сол.
Көпті көрген қария кейінгі жастардың бойында намыс, жігер, патриоттық сезім сияқты асыл қасиеттердің азайып кеткеніне алаңдайды. Сондықтан өз перзенттерін қазақы рухта, ұлтжанды етіп тәрбиелеуді алдына мақсат етіп қайған. Ұлттық тәрбиеге ерекше мән беретін әулеттің мүшелерінің барлығы ұлттық киімді ұлықтап жүреді.
Зылиха Молдабаева, зайыбы:
- Ұлдарымыз да, келіндеріміз де ұлттық киімге өте бейім. Соны жақсы көреді. Немерелерімізде соны қабылдап келе жатыр. Тек қана киім емес, ұлттық асты дайындау, әсіресе ер адамның орнын биікке қою, ұл-қыздарға да әкең келе жатыр деген сияқты балаларды солай тәрбиеледік.
«Бір дастарханнан ас ішіп, бірге ойнап, бір-бірімен жақын араласқан бала - бауырмал болады», - дейді қария. Оның үстіне ата-әженің тағлымды тәрбиесі мен мейірім-махаббатын ешқандай мектеп бере алмайтынын айтады. Сондықтан бұл әулеттің кезкелген кішкентайы есепке епті, білімге құштар. Өнерге бейім, өлеңге әуес.
Асыл Жарылқасын, немересі:
- Мен атам мен апамнан өнерді, білімді, өлеңдерді үйренемін. Күнде таңертең атаммен бірге шахматқа барып қайтамын. Апам маған есептер үйретеді. Атам маған домбыра шертуді үйретеді.
Бұл әулетте ұлттық тәрбиеден бөлек, ұлттық ас-ауқатқа да ерекше мән беріледі. Қыз балаға жастайынан ұлттық тағамдарды жасаудың қыр-сырын үйретсе, ер баланың бойына ұлттық ойын түрлерін сіңіріп өсіреді.
Қара шаңырақтағы келін болғандықтан осынша баланың бабын тауып, ас-ауқатын уақытылы беру Жұмагүлдің мойнында. Бірақ ол ағайынның ауызбіршілігі - атбасындай алтыннан да қымбат екенін жақсы түсінеді. Сондықтан ол мұны өзіне міндет, балаларға мереке деп қабылдайды
Жұмагүл Құрманова, әулеттің келіні:
- Біздің әулеттің бір ерекшелігі қазақтың ұлттық дәстүріне көзқарасы ерекше. Балаларымыздың барлығының басын жинап, ұлттық ойындар ойнатып, қазақтың салт-дәстүрін дәріптеп, дәстүрлі тәрбиені барынша беріп отыруға тырысамыз.
Жарылқасын ақсақал өсіп-өнген үлкен әулеттен шыққан балаларына да, басқаға да әрдайым үлгі етіп айтып отырады.
Жарылқасын Ергеш, Сарыағаш ауданының тұрғыны:
- Біздің әжеміз Алтынай 121 жасқа қарағанда өмірден өткен адам. Сол кісінің тәрбиесін көргенбіз. Артында 427 ұрпақ қалдық. 165 шөбере, 127 шөпшек болды. 36 немересі бар. Сол сияқты өсіп-өндік апамыздан.
Жарылқасын ақсақалдың ендігі арманы – отбасындағы осы ынтымақ пен бірлікті ұрпақтары ары қарай жалғастырса деп тілейді.
Жандос Жұмабек, Қуаныш Әбуов