Риддер қаласының келбеті адам танымастай өзгеруі мүмкін

Шығыс Қазақстандағы Риддер қаласының келбеті болашақта адам танымастай өзгеруі мүмкін.

Шаһардағы ескі үйлердің қасбеті әрленіп, орталық алаң жөнделіп жатыр. Бұл өзгерісті қала тұрғындары қалай қабылдауда?

Бұл үйлердің іргетасы сонау 50-60 жылдары қаланған. Содан бері бояу көрмеген десе де болады. Әсем қаланың кетеуін кетірген де осы көрініс. Сондықтан биыл алдымен​ орталықтағы үйлерді әрлеу басталды. Ол үшін 500 миллион теңгеден астам қаражат бөлінді. Сылағы сыпырылып түсіп жатқан баспаналар​ енді бастапқы түсіне енеді. 

Аманкелді Нұрсәбиев, мердігер компания жетекшісі:

- Енді осы үйлерге ремонт жасалмағанынан 20-25 жылдай болды, түртіп қалсаң құлап жатыр ғой, штукатуркасы да бәрі, соны енді бәр қиындықты енді жасап, ертең ұят болмасын деп соны істеп кетеміз ғой. 

Исаковтар отбасы шаһардағы бұл өзгеріске ерекше қуанышты.Олар көршілерімен бірлесіп, ескі үйдің кем-кетігін жөндеп, барынша күтімде ұстайды екен. Алайда сыртын сәндеуге шамамыз жетпеп еді, дейді зейнеткерлер. Енді үнемі жұмыс барысын бақылап жүр. 

Нина Исакова, қала тұрғыны:

- Бұл бір игі іс болды деп қуанып жүрміз. Үйлер​ ескі болса да, осылай жарқыратып, әдемі етіп қоюға болады. Тұрғындарға да, қалаға келген қонақтарға да жақсы әсер қалдырады. 

Биыл кеншілер қаласындағы орталық алаң да айырықша сипатқа ие болмақ. Бұған дейін жалғыз аяқ жол мен құрғап қалған субұрқақ, сәні кеткен бау- бақша ғана болған жер енді заманауаи сипат алады.

 

Рауан Құрметұлы, Риддер қаласы ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары:

- Жоба бойынша орталық алаңда фонтан​ болады және балаларға арналған ойын ойын, сауық алаңы болады. Әдемі, әдемі гүлдер болады, клумба болады. Сондықтан бұл орталық алаңымыз ең маңызды әдемі орындардың бірі боп айналады. 

Орталық алаңды жаңғыртуға 963 миллион теңге бөлінді. Табиғаты тамсандыратын Риддер үшін қала келбеті аса маңызды.Шаһардың туристік тартымдылығы жоғары. Қысқы спорттың отаны. Батыс Алтай табиғи қорығы да осы жақта.

Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин