Ақтөбе облысының Қобда ауылының тұрғыны кілем тоқу кәсібімен айналысады
Ақтөбе облысының Қобда ауылының тұрғыны кілем тоқуды игеріп, ауданда жеңіл өнеркәсіптің іргетасын қалады.
Алма бағын отырғызып, өндірістік көлемде өнім алуды көздеген бағбан да мемлекеттік бағдарламаға иек артқан. Ауыл шаруашылығының жаңа саласын игеру арқылы жергілікті халықты жеміспен қамтып қана қоймай, болашақта тұрақты жұмыс орындарын ашуды көздейді.
Данияр Өтегенов Қобда ауданында жеңіл өнеркәсіпті қолға алған алғашқы кәсіпкер. Кілем тоқып, санаулы күнде өрнектелген дайын өнімді тұтынушыға бере алады. Бұл кәсіпке карантиннің қолбайлау боп, интернетке үңілген сәтте кезіктім, дейді. Біршама уақыт ойланып қажетті құрал-жабдықтарына тапсырыс берген. Арғы жағы АҚШ-тан, бергі жағы Қытайдан алдырған саймандарға қаражатты «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында рәсімдеген.
Данияр Өтегенов, кәсіпкер:
- Біріншіден жылдық үстемақысы екі жарым процент. Мұны ешқандай банк бермейді. Екіншіден төлем жасауға бір жылдық үзіліс те бар. Ай сайын емес, жарты жылда бір төлеу де айтарлықтай көмек. Сондықтан бағдарламаны өте тиімді деп айта аламын.
Қобдадағы алғашқы жеміс бағы да мемлекеттің қолдауымен егіліп отыр. Бұрын-соңды ауданда болмаған кәсіпке Жалғас Бегесінов бел шеше кірісіпті. Бір жарым гектар жерді жалға алып, биыл алма көшеттерін отырғызды. Арманы - Қобда өзенінің бойын жайқалған жеміс бағына айналдыру.
Жалғас Бегесінов, кәсіпкер:
- 500 сотокқа мында картоп егіп жібердім биылша. Бір тоннадай картоп кетті ғой осы жерге. Бұйырса мына картоп күзде кеткеннен кейін кішкене астына қопсытып, қара топырақ салып, әрі қарай мынаны созамын.
«Бұл араға жыл салып жеміс беретін алма ағаштарының өнімі үзілмеу үшін жасалып отырған қадам. Жалпы ауданда азық-түлік қауіпсіздігін қамтамассыз етіп, жергілікті өнімдер үлесін арттыруға жағдай жасалып жатыр. Жергілікті билік бұл мақсатта «Ауыл аманаты» бағдарламасының септігі мол», - дейді.
Бақдәулет Түктібай, Қобда аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы
- Көкөніс бойынша біз жергілікті өніммен аудан халқының 60 процентін қамтып отырмыз. Қалған 40 процентті жоспарға сай алдағы 2-3 жыл ішінде жабуымыз тиіс. Себебі тек осы бағдарлама аясында ғана көкөніс алқаптарының көлемі 26 гектарға артып отыр.
Ауданда «Ауыл аманаты» аясында 1 млрд 200 млн теңге болатын 600-ге жуық жоба жүзеге асырылуы тиіс. Қазір олардың 127-сі арнайы комиссия назарына ұсынылып, 93-і қолдау тапқан.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков