Ауыл шаруашылығы саласына 3 мың қызметкер қажет
Тракторшы, механизатор және агроном жетіспейді. Бұл түйткілдің түйіні шешіле ме?
Агроөнеркәсіпте маман тапшы. Сарапшылардың пікірінше, бұған біріншіден, жалақының аздығы әсер етіп отыр. Айталық, шаруалар мен бағбандар шамамен 180 мың теңге нәпақа табады екен.
Қайрат Бейсетаев, Қазақстанның Картоп және көкөніс өсірушілер одағының төрағасы:
- Ветеринар жетіспейді. Саланы жақсы білетін және жұмысты жүйелі ұйымдастыра алатын менеджер тапшы. Заманауи техниканы жөндей алатын инженер-механик аз. Ауыл шаруашылығының қай бағытын алсақ та, жағдай мәз емес.
Қазақстанда агроөнеркәсіп маманын дайындайтын 23 жоғары оқу орны бар. Жыл сайын 2 мыңнан астам студент білім алып шығады. Бірақ олардың тең жартысы басқа салаға кетеді, - дейді мамандар.
Төлеутай Рахымбеков, «Ауыл» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:
- Сиыр сауыншы, малшы, механизатор, слесарь. Олардың барлығы дайындала ма, жоқ па – белгісіз. Дайындалған күннің өзінде, қайда барады? Екіншісі, бұрынғы агроколледж бен техникумдар. Орта мамандандырылған мамандар. Мысалы, агротехник, веттенхник, зоотехник.
Әдетте, жас мамандар міндетті жұмыс істеу мерзімі аяқталған соң тұрақтамайды. Ары кетсе алған мамандығы бойынша 3 жыл еңбек етеді, - дейді сарапшылар. Сонда тығырықтан шығар жол қайсы? Сарапшылардың пікірінше, «Дипломмен ауылға» бағдарламасын кеңейтіп, салаға маман тартудың басқа да жолдарын қарастыру қажет.
Авторлары: Мирлан Алтынбек, Ақылбек Есімсейітов.