Көкшетауда ерекше балаларға арналған лагерь ашылды

Көкшетауда аутизммен ауыратын балаларға арналған лагерь ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Онда 5 жас пен 18 жас аралығындағы балалар жазғы демалысын өткізеді. Лагерьде барлық жағдай қарастырылған. Балаларға қызықты тренингтер, шеберлік сабақтары мен спорттық сайыстар ұйымдастырылады. Қазір мұнда 10-ға жуық балғын тәрбиеленіп жатыр.

Жалпы демалыс орны арнайы қоғамдық қор мен жергілікті кәсіпкерлердің демеуімен ашылды. Қазір облыс бойынша аутизм дертіне шалдыққан 538 балғын тіркелген.

Махаббат Қасымова, қоғамдық қордың жетекшісі:

- Мен де – ерекше баланың анасымын. Мұндай балаларға арналған лагерь жоқтың қасы. Сол себепті осы бастаманы қолға алдық. Лагерьде аутизиммен ауыратын балғындар тек тынығып қана қоймай, арнайы ем-дом шараларын алады. Олармен логопед, дефектолог, психолог мамандар жұмыс істейді. Алдағы уақытта тағы бала қабылдап, жұмыс ауқымын кеңейтеміз.