Сирек кездесетін балық түрлерін аулау бойынша 36 қылмыстық іс тіркелді

Елде сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар балық түрлерін заңсыз аулау фактілері бойынша 36 қылмыстық іс қозғалды.

Заң бұзушыларға 15 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Сондай-ақ заңсыз айналымнан 70 тоннаға жуық балық алынған. Оның ішінде 1001 келі бекіре мен 29 келіден астам бағалы балықтардың уылдырығы бар. Балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары осылай деді.

Аян Бахиянов, ҚР ЭТРМ Балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары:

- Заңсыз айналымнан 68 тонна балық, оның ішінде 1001 кг бекіре, 29 кг бекіре балығының уылдырығы, 295 бірлік балық аулау құралдары, 76 бірлік су көлігі және 13 автокөлік тәркіленді. Акция басталғаннан кейін Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының инспекторлары құқық қорғау, табиғат қорғау органдары және ҰҚК Шекара қызметінің қызметкерлерімен бірлесіп табиғат қорғау заңнамасының 972 бұзушылығын анықтап, жолын кесті. Нәтижесінде 669 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.