Елде аптап ыстық басылмай тұр
Елде төтенше өрт қаупі сақталады.
Синоптиктердің болжамынша, бүгін және ертең еліміздегі ауа температурасы күндіз 43 градусқа дейін көтеріледі.
Шіліңгір шілденің ыстығын барлық аймақ тұрғындары сезініп жатыр. Кей өңірде термометр бағаны 40 градусқа барады. Осындайда субұрқақтың жанға сая болары сөзсіз. Ал Ақтөбедегі фонтандар ыстыққа шыдамай құрғап тұр. Қазір шаһардағы 22 нысанның біреуі ғана жұмыс істейді. Оның өзін шұғыл жөндеу қажет. Былтыр 8 субұрқақты жаңартуға 245 млн теңге бөлінген еді. Алайда мердігер жауапсыздығынан жұмыс аяқсыз қалды.
Серік Дәулетов, қалалық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:
- Аяқталу жұмыстарына біздер қазіргі бөлім тарапынан сметалық құжаттама дайындадық. сессияда қалған 195 млн қаржыға қолдау алып, жөндеу жұмыстарына конкурсқа шықты. конкурстық процедураға сәйкес ағымдағы жылдың тамыз-қыркүйек айлары.
Шымкент
Ми қайнатар ыстықтан Шымкенттегі хайуанаттар бағы да қорғануға мәжбүр. Мұнда 3 мыңға жуық жануар мекендейді. Мамандар жыртқыш аңдарға балмұздақ пен қауын-қарбыз беріп амалдауда. Ал ыстық температураға төзбейтін тау жырқыштарының қоршауына салқындатқыш орнатылды.
Бағдат Әмзебек, хайуанаттар бағының қызметкері:
- Бізде жазғы маусым. Аптап ыстық. Біз жануарлардың әрқайсысының ерекшеліктеріне қарай бөлімдер бойынша жағдай жасаймыз. Жыртқыштар бөлімінде арнайы бассейндер бар. Олар кез келген уақытта суға түсіп ыстықтан қорғана алады.
Астана
Ал елордада кондиционерге сұраныс артты. Мегаполис тұрғындары көпқабатты үйлерді қапырық басқанын айтады. Жан қиналғанда, салқындатқыш сатып алудан басқа амал жоқ деп отыр.
Ернат Қайратов, сатушы
- Биыл кондиционер сатылымы өсіп кетті. Елордамыздағы ауа температурасы 35 градустан түспей тұр. Сатып алушылар желдеткіш пен кондиционер іздеп келеді.
Синоптиктер болса, ыстықтың әлі де сақталатынын ескертті. Солтүстік-батыс, оңтүстік, оңтүстік-шығыс аумақтарда ауа температурасы 43 градусқа дейін жетеді. Мамандар елде өрт қаупі сейілмегенін айтады.
Алтынзер Есбосынова, екінші санатты инженер-синоптик:
- Алдағы күндері Қазақстан аумағы арқылы батыс циклоны өтеді. Осыған байланысты еліміздің батысында, солтүстігінде және орталығында жаңбыр, найзағай, бұршақ және қатты жел күтіледі. Республиканың шығысында, оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында жауын-шашынсыз ауа райы болжанады.
Бас қалада алдағы 3 күнде ауа температура 38 градустан төмендей бастайды. Бірақ, өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнауы мүмкін. Осы күндері қаладағы жедел жәрдем қызметіне шақыртулар жиіледі. Сол себепті мамандар аптап ыстықта далаға себепсіз шықпауға кеңес береді.
Авторы: Мерей Мұратханқызы