Елде бюджеттен бөлінген ₸49 млрд дұрыс игерілмеген
Биылғы жарты жылда 4 министрлік бөлінген бюджет қаржысын дұрыс игермеген.
Олар Төтенше жағдайлар, Экология және табиғи ресурстар, Мәдениет және спорт, сондай-ақ Сыртқы iстер министрліктері. Оған конкурстық рәсімдерді ұзақ өткізу себеп болған. Мұны Үкіметте бюджеттің орындалуы туралы баяндаған Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты. Осылайша жарты жылда 49 млрд теңге игерусіз қалған. Ал сауда, ақпарат және байланыс салалары экономикалық тұрғыдан ең жоғары нәтиже көрсетті. Үкіметте айтылған сандарға сай, негізгі капиталға салынған инвестициялар 13%-ға өсті. Бұл көлік, сауда, ауыл шаруашылығы салаларына тиесілі. Экономика министрі Әлібек Қуантыров Абай, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстары мен Шымкент қаласында қарқынды өсім тіркелгенін атап өтті.