Елімізде коммуналдық нысандар жаңғыртылады
Шілде айынан бастап коммуналдық қызмет ақысы орта есеппен 10-30%-ке қымбаттады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Басты себеп – электр энергиясын өндіретін нысандарды жаңарту және жалақыны көбейту.
Тұрғындарға жылу, электр энергиясы, су және басқа да коммуналдық қызмет көрсету үшін негізгі жабдықтарға күрделі жөндеу, қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу қажет. Осыған 182 млрд теңге жұмсалады. Ал жұмысшылардың алды бұрынғыдан екі есе көп жалақы алатын болады.
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров 2 бөлмелі пәтер үшін коммуналдық төлемдер орта есеппен қанша сомаға қымбаттайтынын есептеп көрсетті. Оның айтуынша, жылу ақысы 1620 теңгеге немесе 20%-ке артады. Электр энергиясы 660 теңгеге, су 200 теңгеге, сондай-ақ су бұру қызметі 220 теңгеге өседі. Енді тұрғындар коммуналдық қызметке орта есеппен бұрынғыдан 3-4 мың теңге көп төлейді. Бір пайдасы, қызмет көрсетуші еңбеккерлердің жалақысы артады.
Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:
- Яғни, сантехник, электрик, дәнекерлеушілердің жалақысын 50%-тен 100%-ке дейін көтеру. Осылайша, орташа жалақы сала мен өңірге байланысты 135 мың теңгеден 200-300 мың теңгеге дейін өседі. Бұл тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы 200 мыңға жуық жұмысшыға әсер етеді. Екіншісі – иесіз желілерді кезең-кезеңімен беру. 25 мың шақырымнан астам коммуналдық желі сенімгерлік басқаруға және коммуналдық меншікке берілуі тиіс.
Энергетика министрі жаңғыртуға келмейтін, тозығы жеткен станциялар әзірге жұмыс істеп тұрғанмен жаңа нысандар іске қосылған кезде пайдаланудан шығарылатынын айтады. Ал тарифті көтеру жұмыс істеп тұрған станцияларды жөндеу үшін жыл сайын 160 млрд теңге көлемінде инвестиция құюға мүмкіндік береді.
Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:
- 1 маусымнан бастап Министрлік берілген өтінімдерге сәйкес 47 энергия өндіруші ұйымның 27-сінің электр энергиясына шекті тарифтерін түзеді, олардың тарифтерінің орташа өсуі шамамен 24% құрайды. Электр қуаты нарығында шекті тарифті айына 1 МВт үшін 1,5 млн теңгеге дейін ұлғайту жоспарланып отыр.
Барлық инфрақұрылым нысандары тұрақты жұмыс істеуі үшін ауқымды инвестиция қажет. Ал коммуналдық төлемдерді қымбаттатпай инфрақұрылымның сапалы жұмысын қамтамасыз ету мүмкін емес.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
- Тариф мәселесінде біз барлық жақтың мүдделерін ескеретін тең ортаны таба білуіміз керек. Яғни, саланы дамыту қажеттілігін де, халықтың мүкіндігін де ескеруіміз керек. Тарифтердің өсуі аз қамтылған отбасылардың табысына әсер етпейді. Бұл мәселе жан-жақты пысықталды. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен аз қамтылған отбасыларға коммуналдық қызметтерге ақы төлеу үшін тұрғын үй көмегі беріледі. Ол коммуналдық қызметтерге жұмсалатын шығыстар отбасының ай сайынғы орташа жиынтық табысының 10%-інен асып кеткен жағдайда төленетін болады.
Бұған дейін коммуналдық кәсіпорындардың табысы мардымсыз еді. Сондықтан жөндеу жұмыстарына қаражат салынған жоқ. Енді «тарифті инвестицияға айырбастау» жаңа қағидатын енгізу арқылы түсетін пайда өндірісті жаңғыртуға тікелей жұмсалады. Әлихан Смайылов жаңа тарифтік саясат ашықтық, есептілік және жариялылық принциптеріне негізделуі тиіс дейді.