Алматы облысының шаруалары «Сорбұлақ» қоймасына қосымша су беруді сұрайды
Алматы облысының шаруалары «Сорбұлақ» су қоймасына қосымша су беруді сұрайды.
Себебі оның қазіргі көлемі жеткіліксіз. Бір ғана Жамбыл ауданында су тапшылығынан 10 мың гектар суармалы алқап игерілмеген. Бұл мәселені диқандар өңірде жұмыс сапарымен жүрген Сенат депутаттары алдында көтерді.
«Сорбұлақ» су қоймасына бір жылда 70 млн текше метр су ағып келеді. Алматының кәріз жүйесінен шыққан су жолай бірнеше тазартудан өтіп осы көлге жиналады. Көл суын техникалық дақылдар өсіретін шаруа қожалықтары пайдаланады.
Алмас Садуақас, тілші:
«Көлге жиналатын судың 30% буланып кетеді. Өйткені бұл аймақтың жазы өте ыстық келеді. Суармалы жер жетерлік. Алайда тіршілік нәрі тапшы. Егер Сорбұлақтағы су көлемін арттырса, онда егістік алқабын да 8 мың гектарға жеткізуге мүмкіндік болады».
«Сорбұлақ» алабында жиырмадан астам шаруа жүгері мен жоңышқа егеді. Оны күнде суғарады. Бірақ су жетпейді. Себебі Алматыдан ағып келетін судың жартысы «Сорбұлақты» толтырса, қалғаны Қапшағай маңындағы құмға сіңеді. «Алқапқа қажетті тіршілік нәрі ысырап болып жатыр», - дейді шаруалар.
Әуелбек Закариянов, серіктестік жетекшісі:
- «Сорбұлаққа» келуі тиіс су қолдан жасалған бес көлді толтырып жатыр. Одан артылғаны далаға кетеді. Егер су тапшылығы шешілсе, біз қосымша үш мың гектарды игеруге дайынбыз. Жүгері алқабын молайтар едік.
«Сорбұлақтағы» су көлемі шектеулі болғандықтан Жамбыл ауданында 8 мың гектар, Іле ауданында 5 мың гектар суармалы алқап игерілмей тұр. Екіншіден, қырық жыл бұрын салынған арық жүйесі әбден тозып бітті. Жүздеген шақырым арықты қалыпқа келтіруге Үкіметтен қолдау керек.
Нұрлан Ертас, Жамбыл ауданының әкімі:
«Соны толық көлемде пайдалану үшін жоба құны 18,9 млрд теңге. жобалау жұмыстарын жүргізіп қойдық. Қолымызда мем.сараптаманың қорытындысы бар. Соған биылғы жылы облыстың республикалық бюджет қолдауымен 1 млрд теңге қаржы қарастырылып отыр. Бірақ дегенмен де осы жерде «Алматы Судың», «Үлкен Алматы каналы» мекемелерінің араласуы қажет. Себебі ішкі жүйелерді жөндегеннен бізде пайда болмайды. Оған апарар үлкен каналдарды жөндеу қажеттігі тұр».
Жасанды көлге қосымша су бұру үшін нормативтік-құқықтық рұқсат құжаты керек. Ол енді ғана рәсімделмек. «Сарқынды суды пайдаланудың ортақ талабы шығып бекітілер болса, жыл сайын суармалы алқап көлемі де 200 гектарға ұлғаятыны анық», дейді мамандар.
Медет Керімжанов, Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
«Сол қағаз рұқсат қазір экология министрлігі әзірлеп жатыр. Осы тамыз айына дейін шығарамыз деп уәде берген. Сол рұқсат болса біз оң жақ жағалауға скл толықтай Сорбұлаққа керегінше бұруға мүмкіндік болады».
Жанболат Жөргенбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
«Мемлекет басшысының тапсырмасына байланысты суармалы алқаптардың көлемін ұлғайтып, өзіміздің азыө түлік қауіпсіздігімізді қамтамасыз ету мәселесі. Соған қарағанда ең маңызды мәселелердің бірі осы бүгінгі ирригация жүйесін қалыпқа келтіру».
1988 жылы салынған «Сорбұлақ» сусорғы станциясының иелігінде 45 шақырым су құбыры бар. Шаруалар алқапты суғару үшін тіршілік нәрін осы станциядан әр текше метрін 13 теңгеден сатып алады. Бұрынғыдай көл-көсір су жоқ. Шаруалар суды үнемдеп, тамшылатып суғару әдісіне көшкен. Соның арқасында биыл жүгері жақсы өнім береді деген үмітте.
Алмас Садуақас, Аят Дүйсембаев