Алматы тауларындағы көлдерден қауіп бар

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, Тянь-Шань тауының солтүстігіндегі қар былтырғыдан қалың түскен.

«Қазселденқорғау» мекемесі мамандарының мәліметінше қардың көбі еріп, таулы көлдер деңгейі көтерілген. Алайда, номері 13- көлдің бетін мұз басып жатқанымен, астындағы судың қысымы артып келеді. Мамандардың айтуынша, таулы көлдердің орны мен саны жыл сайын өзгеріп отыратындықтан тұрақты бақылауды талап етеді екен.

Мұрат Қасенов ҚР ТЖМ "Қазселденқорғау" ММ басшысының орынбасары:

- Біздің және басқа да мекемелердің мәліметінше өткен маусым мен шілде айы аптап ыстық болып тұр. «Қазгидрометтің» бізге берген ақпаратында ауа температурасы 43 градусқа дейін көтеріледі екен. Қазір нөл градустық температура 5 мың метр биікте тіркелді. Тау басындағы мұздықтар жылдап еріп, көлдердің арнасынан асып кетуі мүмкін.

Іле-Алатауы мен Жоңғар Алатауында жалпы саны 51 көл бар. Соның ішіндегі 13 көлдегі қауіптің алдын алу жұмыстары басталды. Таулы көлдердегі су деңгейін азайту үшін арнайы сифондар орнатылады. Мұндай технология бірнеше жыл бұрын Алатаудағы бірқатар көлге қойылған. Табиғи апаттың алдын алу жұмыстары қыркүйекке дейін жалғасады.

Алмас Ысқақов, ҚР ТЖМ "Қазселденқорғау" ММ Алматы қ. филиалы басшысының орынбасары:

- Қазір 10-көлде жұмыс жасап жатыр. Полиэтилендік трубалар арқылы көлдің деңгейін түсіреміз. Енді бүгін 13-көлге шығып жатыр. Жалпы істеп жатқан адамдардың саны қазір 60-қа жуық. Біздің қала бойынша 20 гидробекеттер бар. Оның оны маусымдық, оны тұрақты бекеттер.

Алматыны табиғи апаттан қорғауға арналған су бөгеттері бар. Дегенмен таудың бөгеттен жоғары бөктерінде әртүрлі нысандар орналасқан. Оған қоса тауға шығып демалатын туристер де аз емес. Осыған орай қауіптен алдын-ала дабыл қағатын автоматтандырылған 8 станция орнатылған. Олар тау көліндегі жағдайды тәулік бойы бақылап отырады.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Сұлтан Бейсекенов