Ұзартылған оқу жылының тиімділігі неде?
Ел тарихында алғаш рет оқу жылы 36 аптаға созылды.
Бұйрыққа былтыр қол қойылған. Бірақ ол уақта мұндай шешімнің мақсатын түсінбегендер бар.
Кейін мәселе Ұлттық білім академиясында талқыланды. Жаңашылдықтың тиімді тұсын анықтау үшін зерттеу жұмыстары жүргізілді.
Балалардың сапалы білім алуына жағдай жасау мақсатында, елде оқу жүктемесі азайды.
Жалпы сабақ уақыты 39-дан 35 сағатқа қысқарды. Ол, аптасына 5 күн оқу режиміне өтуге мүмкіндік берді. Алайда жоспарланған білім беру көлемі игерілмей қалу қаупі туындады. Сондықтан елдегі орта білім беру жүйесі 34-тен 36 аптаға ұзартылды. Ал бұл қандай нәтижеге әкелді?
Руслан Қаратабанов, Ы. Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының вице-президенті:
- 5 күндік оқу аптасына көшу бізге қандай мүмкіндік берді? Бұрынғы каникул демалыс тағы 36 сенбі қосылды. Солайша демалыс 160 күннен 180 күнге ауысты. 1 жыл ішінде 365 тәулік болса оның 180-ін балалар демалыс түрінде өткізеді. Сондықтан бұл эргономикалық, физиологиялық тұрғыда қолайлы көрсеткіштер.
Ұлттық білім академиясының жүргізген зерттеулеріне сәйкес, жаңашылдықтың көптеген тиімді тұсы анықталды. Ол қолданысқа енген сәттен бастап, оқушылар мен мұғалімдердің жүктемесі азайды. Тиісінше, отбасыларымен көбірек уақыт өткізе бастаған. Бұл, мамандардың айтуынша, балаладың күрделі тақырыптарды жақсы меңгеруіне септігін тигізеді.
Ольга Абрамова, психолог:
- Оқу жылы ұзарғалы бері, балалардың оқуға деген ынтасы артты. Балалардың тарапынан ешқандай наразылық та болмады. Мұғалімдер де бірауыздан қолдады. Негізі әр адамның көңіл күйінің көтеріңкі болуы, отбасымен көбірек уақыт өткізуіне байланысты.
Мадина Сыздықова, педиатр-дәрігер:
- Медициналық тұрғыдан алғанда, балаларға жүктеме көп болмау керек. Сондықтан бұл жаңашылдықты құптаймыз. Оқушының бойында жүктеме аз болған сайын, оның ойлау және есте сақтау қабілеті артады. Соны ұмытпаған абзал.
Академияның зерттеу жұмыстарына педагогтер мен оқушылардан бөлек, сарапшылар қатысты. 15 мыңнан астам адам арнайы жүргізілген сауалнамаға қатысты. Бірақ мамандардың айтуынша, оқу жылын ұзартудың тиімділігін бағалау үшін 1 жыл аздық етеді. Сондықтан оған келесі жылы да зерттеу жұмыстарын жүргізу көзделіп отыр.
Авторлары: Альмира Оразбай, Мейрам Жүніс