Елорда шетіндегі бірқатар көшеде жаяу жүргінші жолағы аз
Болғанның өзінде тек көше қиылыстарында орналасқан, деп хабарлайды «Хабар 24».
Осыған байланысты тұрғындар үйіне жету үшін жолды белгіленбеген жерден кесіп өтуге мәжбүр. Тіпті ара қашықтықты қысқарту мақсатында ашынғандар көше ортасындағы шарбақ үстінен секіріп өтуді әдетке айналдырған.
Сара Көшенова осыдан 3 ай бұрын балаларымен бірге жаңа тұрғын үйден пәтер сатып алды. Ауданы «Ұлы дала» көшесінің шығыс бөлігінде орналасқан. Әу баста ауасы таза, ауласы тыныш және бағасы қолжетімді деп қуанған. Бірақ қуанышы көпке созылмады. Өйткені үй маңында жаяу жүргінші өткелі жоқ. Ең жақынына жету үшін 350 метр жүру керек.
Сара Күшенова, қала тұрғыны:
- Көше қиылысына дейін жету қиын. Тым алыс. 2 немеремді мектепке апарар кезде қатты қиналамын. Көше үлкен. Көлік нөпірі көп. Әсіресе балаларға қауіпті.
Сегізқатарлы жолдың қарама-қарсы бағытын бөліп тұрған қоршау да кедергі емес. Сорақысы сол, қала орталығында да олақ жасалған жолақ көп.
Қабанбай батыр және «Ұлы дала» көшелерінің қиылысындағы аялдаманы мысалға алсақ болады.
Мирлан Алтынбек, тілші:
- Бұл – «Ұлы дала көшесі» аялдамасы. Жаяу жүргіншілер жолағына бет алсаңыз, алдыңыздан мынадай шарбақ шыға келеді. Ойын баласы үстінен секіріп өтер. Ересек адам айналып өтер. Бірақ балалар арбасы бар ата-ана мен мүмкіндігі шектеулі жандар қайтпек?!
Аялдама артындағы ішкі жолмен жүретін көлік жүргізушілері де шарбақты көре сала, сырланбаған жаяу жүргінші жолағын байқамай, жүйткей жөнеледі екен.
Тұрғындар:
- Сәл өту қиындау шынымен. Машиналар тоқтамайды. «Пешеходты» көрмей, адамдарға жол бермейді. Кей кезде түсінісбеушілік боп тұрады.
- Мына балабақшадан қаншама бала шығады. «Коляскамен» шығады. Велосипедпен шығады. Итеріп өтуге мына жер ыңғайсыз. Шарбақты алу керек, «пешеходты» дұрыстау керек.
Бұл олқылықты әкімшілікке жеткіздік. Жауабын алдық. Мәселе алдағы уақытта шешіледі деп сендірді. Ал бірінші жағдай бойынша бас маман Азамат Қарагөзин былай дейді.
Азамат Қарагөзин, жол-көлік инфрақұрылымы нысандарын салу бөлімінің бас маманы:
- Мемлекеттік сараптамадан өткен және барлық құзырлы орган мен әкімшілік полиция бекіткен бұл жобада көше ортасына бағдаршам, тағы жаяу жүргінші жолағын қою қарастырылмаған. Өйткені көше кең. Магистральді саналады. Сегізқатарлы болған соң, әр тұрғын үй кешені тұсына бағдаршам қоя беруге болмайды. Бәрі жобаға сай жасалған.
Елордада жол-көлік инфрақұрылымында мәселе баршылық. Көпшілік көріп, әлеуметтік желілерге де салып жүр. Аялдама, жолақ, бағдаршам, суағар, бітпейтін жол жөндеу жұмыстары, жағымсыз иіс, тағысын тағы. Бүгінгі айтқан мәселе – бұл бір шеті ғана. «Жалпы елордада осындай қанша көше бар?» деген сұраққа әкімдіктегілер жауап беруге асықпады.
Авторлары: Мирлан Алтынбек, Мейрам Жүнісов, Асхат Қарақойшиев.