Павлодар облысындағы «Ертiс орманы» резерватында өрт оқшауланды
Павлодар облысына қарасты «Ертiс орманы» резерватындағы өрт оқшауланды.
Қазір оқиға орнына жұмылдырылған 108 арнайы техника, 6 тікұшақ пен 451 адам, қызыл жалының қайта тұтанбауын толық бақылауда ұстауда. Өрт ошақтарын сөндіру жалғасып жатыр. Әуеден жалпы көлемі 144 тонна су төгілді. Бұған дейін жалын шарпыған аумақ 850 гектарға жеткенін хабарлаған едік. Оны сөндіруге Астана, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарынан құтқарушылар мен, құралдар тартылды.
Эльдор Райымбеков, ҚР ТЖМ дағдарыс жағдайларында басқару орталығы кезекші бөлімінің бастығы:
- Қазіргі кезде осы жеке құрам жәнеде техника сол ошақталған орындарда өрттің әрі дамымауына жол бермеу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ол жердегі оқиға жеке бақылауда.
Сондай-ақ, Семей қаласының маңында орналасқан елді мекенде дала өрті тіркелді. Қызыл жалын 800 гектар жерді шарпыған. Тілсіз жауды ауыздықтауға 48 техника мен 100-ге тарта жеке құрам қызметкері жұмылдырылды.