Жетісу облысында қант қызылшасы жаңбырлатып суару әдісімен өсіріледі
Жетісу облысында қант қызылшасы жаңбырлатып суару арқылы өсіріле бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Тың тәсілді алғаш болып Кербұлақ ауданының шаруалары қолға алды. Былтыр олар су шашатын техниканы сынақтан өткізіп, 200 гектарға тәтті түбір сепкен. Тиімділігіне көз жеткізіп, биыл егістік көлемін екі есе ұлғайтты.
Шаруашылықта жаңбырлатып су шашатын 20 құрылғы бар. Соның көмегімен Ғазиз Әсембаев 420 гектарға егілген қант қызылшасын суарып отыр. Тіршілік нәрі біркелкі, әрі уақытылы берілген соң тәтті түбір түйін тастап, көлемі де ұлғайып келеді, - дейді ол.
Ғазиз Әсембаев, шаруашылық бригадирі:
- Жаңбырлатып суару деген жапырағымен қызылшаның тамырына барып түседі. Суды жақсы алады. Қазірдің өзінде 2 келі. Күзде дейін 7, 8, 6 келі береді. Сонда гектарына 80 тоннадан аламыз ба деп отырмыз.
Арқарлы тауының етегіндегі тәлімді жерге осыған дейін арпа мен бидай ғана егілген. Шаруалар жауынды жылдары ғана мол өнім алатын. Жаңбырлатып суару технологиясы ауа райына алаңдамай, қалаған дақылды өсіруге мүмкіндік берді. Тыңнан түрен салып, қант қызылшасын сепкен еңбеккерлердің ісі өзгелерге үлгі.
Жанат Жүнісбеков, Кербұлақ ауданы әкімінің орынбасары:
- Қазір шаруалар фрегаттардың тиімділігін көріп, бағалап, ниет білдірушілер көп болып жатыр. Қазіргі таңда алма шаруашылығы 2 фрегат алды. Қазір осы алқапта 18 фрегат бар. Жалпы Кербұлақ ауданы бойынша 700 гектар жоспар болған қызылша егу. Ол егілді. Негізгі өнім жақсы шығып жатыр. Түбірдің өзінде 700-800 грамм бар.
Ауылшаруашылық дақылдарын өсіру үшін жаңа технологияны сатып алған шаруаларға мемлекет арнайы көмек қарастырған.
Бақтияр Шампиков, Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары.
- Облыс бойынша 8,9 мың гектар жерде озық технология қолданылады және осы технология қолданған шаруашылықтарға мемлекет тарапынан субсидия төленеді. Мәселен, бір жаңбырлатқыш сатып алса, оның 50%-ін мемлекет өтейді. Сонымен қатар биыл қант қызылшасын өсірушілерге қант субсидиясы ұлғайтылып, 40 теңгені құрайды.
Жетісу облысында 8,5 мың гектарға тәтті түбір себілді. Одан биыл 77 мың тонна қант өндірілмек. Ал өңірдегі заманауи құрылғылар қолданылатын егістік алқап көлемін 10 мың гектарға жеткізу жоспарланып отыр.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов.