Елде әуе рейстерінің кешігуі жиілеп кетті
Өткен жылы 8 авиакомпания әкімшілік жауапкершілікке тартылып, ірі көлемде айыппұл төлеген.
Биыл да жағдай мәз емес. Әуежайдағы ахуал әлі реттелмей тұр. Діттеген жеріне жете алмай, жолынан қалған жолаушылар тасымалдаушылардың жауапсыздығына нарызылық білдіріп отыр.
Бұл видео сәуір айында әлеуметтік желіде таралған. Кадрда жолаушылардың Астана әуежайында жанжал шығарғанын байқауға болады. Басты себеп – әуе рейсінің кешігуі. Ауа райына байланысты ол 6,5 сағат кейінге шегеріліпті. Көп күткен халық мұндай олқылықтың енді қайталанбауын талап етіп, видеожазба жариялаған.
Жолаушы:
- 6,5 сағат деген кешігу. Масқара ғой! Біздің кінәміз емес, ауа райы дейді. Сонда ауа райы басқа авиакомпанияларға әсер етпей ме? Бізден ақша алады, айыппұл төлеткізеді. Ұшпайды, бүкіл жоспарды құртып.
Бұл бірінші жағдай емес. Осыдан бірер күн бұрын да Шымкенттен Астанаға бет алған ұшақ ауа райының қолайсыздығына байланысты Қарағандыға қонып, кері қайтқан. Яғни, жоспарланған рейс жұмысы жүзеге аспады. Авиациялық тасымалдар басқармасының басшысы Әділет Көбеновтің айтуынша, әуе билеттерінің құны мемлекетпен немесе белгілі бір министрлікпен реттелмейді. Ал авиарейстің кешігуі бойынша, еліміз түгілі әлемнің өзге елдерінде де жауапкершілік қарастырылмаған. Оның өз себебі бар.
Әділет Көбенов, ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті Авиациялық тасымалдар басқармасының басшысы:
- Рейс кешігу үшін жауапкершілік Қазақстанда да, бүкіл әлемде қарастырылмаған. Өйткені қарастырылатын болса, ертең ол ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін. Рейс кешігуінде авиакомпанияның кінәсі болған жағдайда авиакомпания заңға сәйкес жолаушыларға тиісті қызметтерді ұсынуы қажет. Яғни, салқын сусындар, ыстық тамақ, қонақ үйде тұру немесе көлікпен жеткізу – оның бәрі ақысыз жету керек болады. Ал бұл шаралар көрсетілмеген жағдайда авиакомпанияға әкімшілік шаралар, айыппұл ретінде салынатын болады.
Иә, биыл елде әуе көлігімен тасымалданған жолаушылардың саны 38%-ке артып, 3 миллионнан астам адамға жетті. Қазір ішкі әуе тасымалдарын 5 қазақстандық компания жүзеге асырып келеді. Аптасына 56 бағыт бойынша 706 рейс орындалып жүр. Бірақ «кешігу» мәселесі реттелмей тұр. Сәйкесінше «қызмет көрсетуге» көңілі толмайтындардың қатары толығып жатыр. Бүгінгі күні бәсекелестіктің бәсі төмен екендігі жасырын емес. Себебі елдегі нарықтың 70%-і бір ғана аваиакомпанияның еншісінде, - дейді сарапшылар.
Нұржан Садырбай, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің баспасөз хатшысы:
- Бүгінде авиакомпаниялар арасындағы бәсекелестікті одан ары күшейтіп, дамыту үшін агенттік монополиядан арылту бойынша арнайы комиссияға өзінің аясында ұсыныстар жолдады. Сол ұсыныстың ең бастысы және ең бірі – ол, әрине, «Air Astana» қарамағынан «FlyArystan» әуе компаниясын жеке заңды тұлға ретінде бөліп шығару жөнінде ұсынысты жолдады. Бұл ұсынысты Монополиядан арылту бойынша арнайы комиссия қолдады және қабылдады.
Алдағы уақытта елдің бірқатар аймағында жаңа терминалдар бөй көтереді деп күтілуде. Алайда ол әуе компаниялар түйіткілінің түйінін шешеді ме? Белгісіз. Себебі өткен жылы ғана 130-дан астам жолаушы, тасымалдаушыларға шағым түсірген.
Авторы: Альмира Оразбай.