Ақтөбедегі «Бауырластар-5» тұрғын үйі өркениет игілігінен тыс қалған аудан
Ақтөбенің іргесіндегі «Бауырластар-5» тұрғын үй алабаның халқы өркениеттен тыс өмір сүруге мәжбүр.
Жер телімдері осыдан 5-6 жыл бұрын үлестірілгенімен әлі күнге дейін электр жарығы мен көгілдір отын желісіне қосылмаған. Қарапайым коммуналдық желілері жоқ аудан халқы бар баспанаға көше алмай, дені пәтер жалдауға мәжбүр.
Ердос Иманқұлов өндірісі жоқ, ауасы таза ауданда орналасқан жер теліміне қол жеткізген сәттен құрылысқа кіріскен. Қаланың ескі ауданындағы үйін сатып, зәулім баспана тұрғызыпты. Алайда көптен күткен қоныс тойын кейін шегеруге мәжбүр болдым дейді. Былтыр күзде көшіп келуді жоспарлағанымен жылуы мен жарығы болмай ойлағаны жүзеге аспапты.
Ердос Иманқұлов, Бауырластар-5 ауданының тұрғыны:
- Қыстай екі бөлмелі пәтер жалдадым 120 мыңнан апрельге дейін. Былтыр октябрьден, биыл апрельге дейін. Сосын апрельде уже амал жоқ үйіміз ұрлықтар болып жатырғасын көшіп келдік. Апрельде келгенде олар айтқан мартта бітіреді светті полный деп. Газды да бітіреді. Береміз деп. Сол күннен бері әлі жоқ. Свет та жоқ, газ да жоқ. Жол да жоқ. Балшықты кешіп жүреміз.
Ердос Иманқұлов көгілдір отынды балонмен тасып, электр жарығын бензинді генератордан алып отыр. Күніне жанармайға 4 мың теңге жұмсайды. Бауырластар-5 деп аталатын ауданда қазір мұндай ондаған отбасы өмір сүреді. 350-ге жуық жер телімі бар тұрғындар алабының өзге халқы коммуналдық желілердің жоқтығынан баспана құрылысын тоқтатуға мәжбүрміз дейді.
Сағыныш Садықов, Бауырластар-5 ауданының тұрғыны:
- Былтыр осы уақытта айтты ойбай күзге дейін жол салып береміз, күзге дейін светті, газды кіргізіп береміз деді. Мәне екінші жыл. 40 проценті бар шығар осы арада бағана. Ар жақ басында жоқ. Кабель жоқ дейді, трансформатор келе жатыр деді. Былтыр келе жатыр деп еді, әлі келе жатыр. Білмеймін жаяу келе жатыр ма. Жоқ.
Қалалық әкімдік өкілдерінің ақпаратына сәйкес Бауырластар-5 ауданына электр жарығын жүргізуге 2 млрд 736 млн теңге бөлінген. Былтыр бұл қаражаттың тең жарымы игерілді дейді. Шілденің соңына дейін алғашқы 5 трансформатор орнатылуы тиіс. Жыл басынан бері жұмыстардың тоқтап тұруын шенеуніктер тапсырыс берушінің «қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінен», «Ақтөбе қаласының құрылыс бөліміне» ауысуына сәйкес болған шиеленістер туындауына байланыстырып отыр.
Алмас Жақсылықов, Ақтөбе қаласы Астана ауданы әкімінің орынбасары:
- Қазіргі таңда өзінің мерзімімен жүріп келе жатыр құрылыс-монтаж жұмыстары. Оның мерзімі биылғы жыл. Былтырғы жылы құрылыс-монтаж жұмыстары басталды. Биыл ғы жылы аяқтау жоспарлануда. Қараша айында толық құрылыс монтаж жұмыстары бітеді.
Көгілдір отын желісі тұрғындар алқабын толықтай қамтып отыр. Электр жарығы қосылған күні қолданысқа беріледі. Ал жол қатынасы мәселесі болса жергілікті биліктің айтуынша биыл түбегейлі шешіле қоймайды. Әзірге тек үш орталық көшеге қиыршық тас төсеу жоспарға енген. Асфальт төсеу алдағы жылдардың еншісінде.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев