Алакөл аудандық әкімдігінің резиденциясы балалар лагеріне айналды
Жетісу облысындағы Алакөл аудандық әкімдігінің резиденциясы бұдан былай мүгедектігі бар балаларға арналған лагерь ретінде жұмыс істейді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Өңір басшысы Бейбіт Исабаевтың ақпанда Алакөл ауданына жасаған сапары кезінде тұрғындар көл жағалауындағы резиденцияны оңалту орталығына беру туралы мәселе көтерген. Ұсыныс қолдау тапты. Енді балалар жаз мезгілінде Алакөл жағалауында тынығып, ем қабылдайтын болады.
Алакөл ауданының Ақши ауылындағы жалпы аумағы 200 шаршы метрлік резиденция ғимаратын ағымдағы жөндеуден өткізуге жергілікті бюджеттен 38,2 млн теңге бөлінді. Онда 8 жатын бөлме, 2 ойын залы, асхана және медбике кабинеті бар. Мүгедектігі бар балаларға жаз мезгілінде қызмет көрсету мақсатында 24 штат бірлігі бекітілді. Күндізгі оңалту орталығының теңгеріміне берілген жазғы сауықтыру лагерін құрудағы мақсат – ерекше қажеттіліктері бар балалардың жазғы демалысын сапалы өткізуді қамтамасыз ету.
Берік Серғазин, күндізгі оңалту орталығының директоры:
- Балаларға 4 уақыт, 4 мезгілдік тамақтану дайындалған. Жатын орынмен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар түрлі іс-шаралар, ойын, суға шомылу. Әр балаға тәрбиешілер бекітілген. Суда жүзу нұсқаушылары бар. Тәрбиешінің көмекшілері де бар. 1 медбике, 1 дәрігер осы мекемеде қызмет жасайды.
Ермек Мизамбаев, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының м.а.;
- Біз қысқа мерзімде аталған резиденцияға ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Абаттандыру жұмыстарын жүргіздік. Бізде орналасқан әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері бар. Сол жерге өтініш тастап, жолдама алады. Әрі қарай осы жерге 5 күн көлемінде балалар тегін демалуға құқығын алады.
Резиденция бұрын 2,5 ай жұмыс істеп, қалған уақытта бос тұратын. Өңір басшысының шешімімен енді бұл ғимаратта 6 жастан 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар тынығады. Жазғы сауықтыру лагері шомылу маусымы кезінде 200-ден астам ерекше күтімді қажет ететін баланы қабылдай алады. Жетісудың інжу-маржанына баланған Алакөлге 15 өзен құяды. Оның суы емдік қасиетке ие.
Аяна Шалқарқызы, оқушы:
- Мен мына жаққа Сарқан ауданынан келдім. 7-сынып оқимын. Мына жаққа бірінші рет келіп отырмын. Осы лагерьде біз суға түсеміз, ойнаймыз. Өте қатты ұнап жатыр. Бұл жер күшті. Көлдің жағасы.
Мейрамгүл Ақышева, ата-ана:
- Мұндай орталыққа бару үшін біз Алматы, Астана деп, үлкен-үлкен қалаларға баратынбыз, жаңағы қаражатымызды жинап. Ал енді қазір біздің балаларымызға тегін осындай орталық ашылғанға барлық ата-аналардың атынан бәріне алғысымыз шексіз.
Мүгедек балалардың жеке, әлеуметтік және шығармашылық тұрғыдан дамуы үшін барынша жағдай жасалған. Жазғы сауықтыру лагерінің ауласынан бассейн мен балалар ойнайтын алаң салынды. Қауіпсіздік мақсатында бейнебақылау камералары мен өртке қарсы дабыл және өрт сөндіру құралдары да орнатылды. Лагерь 1 кезеңде 40 баланы қабылдай алады. Балаларды қабылдау I-ІІІ топтағы мүгедектігі бар баланың тіркелген жері бойынша дәрігердің ұсынысы немесе қорытындысы негізінде жүзеге асады.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Айгүл Ғазизуллина.