Елімізде мұнай өнімдерін өндіру көлемі артты
Елдегі мұнай өңдеу зауыттары тұрақты жұмыс істеу режиміне ауысты.
Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» басқарма төрағасының орынбасары Дмитрий Макеев мәлімдеді. Оның айтуынша, Павлодар мұнай-химия кешені күрделі жөндеуден кейін іске қосылды. Ал Шымкент мұнай өңдеу зауытындағы жылу алмастырғыш қондырғы қалпына келтірілді.
Павлодар мұнай-химия зауытындағы мұнай өңдеудің бірінші қондырғысы іске қосылды. Қалған жабдықтар кезең-кезеңімен жұмыс істей бастайды. Дегенмен онда қазірдің өзінде тауарлық өнім өндіру үшін тиісті компоненттер шығарыла бастады.
«ҚазМұнайГаз» басқарма төрағасының орынбасары Дмитрий Макеевтің сөзінше, өнімді жөнелту жұмысы қалыпқа келтірілді. Ал Шымкент мұнай өңдеу зауытындағы өндіріс жұмысы осы аптаның соңына дейін толық тұрақталады. Сондай-ақ Дмитрий Макеев мұнай өңдеу саласындағы жаңғырту жұмыстарының нәтижелі болғанын айтты.
Дмитрий Макеев, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
- Өндірісті ұлғайту бойынша бүгінге дейін автобензин іс жүзінде 2 есеге – 2,8 млн-нан 5 млн-ға дейін ұлғайды. Авиаотын, битум 2 еседен астам, дизель отыны 1,5 есеге артты. Сондай-ақ бұл бізге мұнай өңдеу зауыттарындағы жұмыс теңгерімін реттеуге зор мүмкіндік берді.
Жалпы мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту жұмысы ҚазМұнайГаз-ға өндіріс көлемі мен салық төлемдерін арттыруға мүмкіндік берді. Бұл тұста экологиялық көрсеткіштер де жақсара түскен. Мәселен, былтыр «ҚазМұнайГаз» компаниясына тиесілі мұнай өңдеу зауыттары рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Биыл дизель отынынан тапшылық болмайды дейді.
Ерлан Жаукин, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма бастығы:
- Бүгінде еліміздегі дизель отынының қоры шамамен 420 мың тоннаны құрайды. Оның 360 мың тоннасы мұнай базаларында сақталған. Қазір зауыттардың резервуарларында шамамен 60 мың тонна отын бар. Өндірістің болжамды көлемі бойынша шілде-тамыз-қыркүйек айларына отын толық жетеді деп отырмыз.
Осылайша, «ҚазМұнайГаз» жанар-жағармай тапшылығын тудырмас үшін бар мүмкіндікті пайдаланбақ.
Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Наурызбай Құрманғазы.