Қарағанды облысындағы QazTehna зауытында 400-ге жуық мектеп автобусы шығарылады
Биылғы жаңа оқу жылына қарай елдегі мектеп автобусы паркі жаңа 500 көлікпен толығады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Оның 378-і Қарағанды облысындағы QazTehna зауытында шығарылған. Қауіпсіздігі жоғары, оқушыларға ыңғайлы автобустар қалай құрастырылады?
28 бекет. Әрқайсысының өзінің жұмысы бар. Осының нәтижесінде зауыттан күніне 4 автобус шығарылады. Алғашқы бекетке тек бөлшек болып жеткен темір-терсек соңғы бекетте мынадай көз тартарлық көлік болып шыға келеді.
Нияз Тұрсынов, тораптарды құрастыру цехының шебері:
- Бұл автобуста 21 орын болады. Яғни, 20 бала бір мұғалімдікі. Мұндағы ерекшелік – бала кезден фильмдерден көретін сары автобустардың дизайны.
Мектеп көлігінде қауіпсіздікке баса назар аударылған. Сондықтан автобустың алдыңғы бөлігі барынша мықты металдан жасалған. Қозғалтқыш пен жанармай багынан от тұтанса, автоматты түрде сөндіретін жүйесі бар. Жүргізушіге автобустың айналасы 360 градус көрініп тұрады. Пеші мен салқындатқышы, орындықтарды жылыту жүйесі де қарастырылған.
Георгий Когай, QazTehna зауыты бас директорының орынбасары:
- Бұл автобустың ең бір ерекшелігі, ол көлік жүргізуші мектепке барған соң салонның соңғы жағындағы батырманы басуы керек. Осы кезде ол салонда қалып қойғандар немесе ұйықтап қалған оқушылар жоқ па, соны да бақылап өтеді. Ол батырманы баспаса, автобус өшпейді. Содан кейін жылдамдығы сағатына 60 шақырымнан аспайды. Ол да қауіпсіздік үшін жасалған.
Мектеп автобустары әлемдегі қоғамдық көлік саласында көш басында тұрған Yutong компаниясының жобасы бойынша жасалған. Ал QazTehna Қазақстандағы ең жас автобус зауыты болғанымен, жолаушылар тасымалы көлігін құрастыруда жүйелі жұмыс істеп келеді.
Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайран Ақамбаев.