Ақтөбеде әскери ұшақтар музейі ашылады
Ақтөбеде ерекше саябақ ашылады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Әуе қорғаныс күштері институты меншігінде болған ұшақтар енді жұртшылық назарына ұсынылады. Жергілікті билікке берілген алаң қазір абаттандырылып жатыр. Қаз-қатар тізілген әуе көлігін тұрғындар қашан тамашалай алады?
Мансұр Есқожин, тілші:
- 4 турбиналы қозғалтқышы бар АН-12 ұшағы түрлі жүк тасымалдауға арналған. Кеңестік кезең, артынша Тәуелсіз Қазақстанның да қорғаныс күштері қолданды. Дәл мына көлік Ауған соғысына қатысқан. Әбден ескірген соң Әуе қорғаныс күштері институты курсанттарына көрнекі құрал ретінде берілді. Жалпы бұл алаңда қазір ұшақтың 9 түрі мен бір тікұшақ бар.
Болашақ саябақты абаттандырып жатқан мердігер музей жәдігерлерін де жөндеуді қолға алған. Күнге күйген сырын жаңартып, есіктері мен иллюминаторлары жаңа кейіпке енеді.
Әділхан Алмажанов, мердігер мекеме өкілі:
- Қазір жаяу жол төсеп жатырмыз. Жарық бағаналары орнатылып, электр желісі тартылды. Балалар мен воркаутқа арналған алаң да салынады. Барлық жұмысты қыркүйек айында тапсырып бітуіміз керек.
Жоспарға сай аспан астындағы музейді жасыл-желек көмкеріп тұруы тиіс. Шамамен 600 түп қарағай мен терек, шырша көшеттері егіледі. Музейді жарақтандыруға қала бюджетінен 133 млн теңге бөлінген. Бұдан бөлек, Авиатор және Ренессанс саябақтары да абаттандырылып жатыр. Жыл соңына дейін тағы 7 жоба жүзеге асырылады деген жоспар бар.
Серік Дәулетов, қалалық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:
- Алдағы сессиядан Молдағұловадағы саябақты қалпына келтіру, Есет батыр көшесін, Әбілқайыр хан және Қоныс алаңдарына абаттандыру жұмыстарына сметалық құжаттама дайындалып, бюджеттік өтінім берілді қазір ТҮКШ бөлімі тарапынан. 2024 жылы мына ескі қалаға мән беру жұмыстары қарастырылады.
Ақтөбеде 70-ке жуық қоғамдық демалыс орны бар. Жергілікті билік қаланың барлық бөлігінде саябақ болуы қажет дейді. Алдағы уақытта Батыс-2, әуежай маңы және Елек өзенінің бойы да абаттандырылады.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев.