Зообақтағы хайуанаттар ыстыққа қалай төтеп беріп жатыр?

Алматыда күн күйіп тұр. Ауа температурасы 42 градусқа жетті.

Қала тұрғындары шілденің аптап ыстығын тауға шығып, бассейнге түсіп өткеріп жатыр. Жұрттың дені желдеткіштен ұзамайды. Ал ыстыққа хайуанаттар қалай төтеп беруде?

Маймылдарға, яғни приматтар тобына жататындарға балмұздақ беріледі. Піл, керік сияқты тұяқтылар сенсорлық себезгімен салқындайды. Ал мүйізтұмсық пен мысық тұқымдасына жататын хайуанаттарға балшық ванна қарастырылған. Борсық, ақ аю мен жолбарыс бассейнге түскенді ұнатады.  Зообақ қызметкерлері қатты ыстыққа қарсы тұруға осылай көмек беріп жатыр. Ал Африкададан әкелінген экзотикалық жануарлар мұндай ауа райында өзін өте жайлы сезінеді. Келушілер хайуанаттар үшін бекер алаңдайды, - дейді мамандар.

Балабек Мақатов, хайуанаттар бағы тұяқтылар бөлімінің меңгерушісі:

- Қыспен жаздың сәл-пәл өзгерістері болады. Жаз кезінде 10%-ке аздау қыламыз. Қыста 10%-ке көбірек тамақтандырамыз. Ыстықты қиын көтеретін малдардың ішінде қар барысы, ақ аю деген бар. Олардың да жағдайын жасап қойғанбыз.

Бұлар – шимпанзе жұбы. Паша мен Лола. Екеуі де тынымсыз. Осы бақтық қызметкері Шолпан Әбдібекованы жақсы танып алған. Үнемі күтіп отырады. Жаз бойы ол екеуіне балмұздақ тасиды. Паша кілегейлі балмұздақты жақсы көреді. Құлпынай мен шоколад қосылғанын ұнатпайды. Ал Лола йогурт пен тәтті сусынды жақсы көреді.

Шолпан Әбдібекова, хайуанаттар бағы приматтар бөлімінің меңгерушісі:

- 2 мен 4-тің аралығында бұлардың төбесінде жаңағы жаңбырлы душ дейміз ғой, сондай орнатылған. 2 сағатқа қана қосамыз. Себебі жас балалары, төлдері бар және бұлар ыстық кезінде суық түсетін болса, ауырып қалуы да мүмкін.

Мұндағы мамандар экзотикалық хайуанаттардың нағыз «алматылық» болды деп қалжыңдайды. Жергілікті климатқа бейімделіп алды. Ұлттық тағамды талғамай жейді. Тіпті қазақ тілін де жақсы түсінеді. Сондықтан жаздың аптап ыстығына шыдап, елмен бірге өткеріп жатыр.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Валентин Лобанов.