Жүсіпбек Аймауытовтың мұрасы терең зерттеліп жатыр
Павлодар облысында Алаш ардақтысы, драматург, публицист Жүсіпбек Аймауытовтың 135 жылдығына дайындық басталды.
Өңір ғалымдары көрнекті жазушының беймәлім болған, бұрын-соңды жарияланбаған шығармаларын жинақтап жатыр. Ал өлкетанушылар 20-шы ғасырдың басында Баянауыл жерінде Алаш қайраткерлерінің ықпалымен ашылған білім беру кешенінің тарихын зерттеуге кірісті. Алдағы уақытта бұл деректер кітап болып басылады.
Бұл 1919 жылы Жүсіпбек Аймауытовтың бастамасымен ашылған «Мәдени кіндік» білім беру кешенінің макеті. Нысан қазақ балаларын оқыту мақсатында ашылған. Қазір Баянауыл ауданының Жосалы және Лекер ауылдарының аумағында орталықтың орны қалған.
Рамазан Нұрғалиев, өлкетанушы:
- Қазақ халқының байларына конфискация жүрмеген уақыт, мал бүтін кез, қазіргі тілмен айтқанда «спонсорский» көмекпен сұрап, балшық басқызып, ат, өгіз, түйе жалдап, сол кезде үлкен құрылыстар жүргізіліпті. Ұйымдастырылыпты жаз айларында. Содан қалған белсенді адамдар көмектесіп, интернат, мектеп үйін, бір жағына ұлдар, бір жағына қыздар, оның барлығын кейін білдік. Таң қалдырғаны, сол кезде медпункт болды, тіс дәрігеріне дейін болыпты.
Кешен туралы тың деректер омбылық мұрағаттардан табылған. Білім беру орталығына қазақ баласын оқытуға Орынбордан мүғалімдер шақырылған деген ақпарат бар. Ғалымдардың ендігі мақсаты – тарихи орынға ескерткіш-белгі қою, өзге де тың мәліметтерді жинақтау.
Ербол Қайыров, Бұқар жырау атындағы облыстық әдебиет және өнер музейінің директоры:
- Жүсіпбек Аймауытовтың туған жерінен бастап, бүкіл ізімін өттік. Сондағы ең бір құнды жәдігерге қол жеткізгеніміз – сол кезде ең алғаш Әбілдә деген медреседе оқыған екен. Бірақ, өңінішке қарай, ол медресе кезінде қиратылған кезде бұл медресе де қиратылған. Сол кезде кітаптар шашылып қалған ғой.
Шашылып қалған кітаптардың ішінде осы Құран әлі сақтаулы. Мұқабасында «Медресе 1936 жылы қираған» деген жазба бар. Бұл құнды жәдігерлер қуғын-сүргін құрбандарын ақтау комиссиясы атқарған жұмыстардың бір бөлігі ғана.
Айман Зейнуллина, Жүсіпбектанушы:
- Біз таза мұрағаттарды тауып жатсақ, бұл кісілер жер-жерді аралап, Ертіс-Баян өңірінің ауыл ақсақалдарынан, Алаш қайраткерлері, соның ішінде Жүсіпбек Аймауытов туралы көптеген материал тапты. Мен өзім жүсіпбектанушы ретінде Жүсіпбек Аймауытовтың бірнеше өлеңі, 50-ден аса әңгімелері, ол әңгімелердің өзі балаларға арналған, әйел-келіншектер,е қоғамға арналған әңгімелері болған. Соларды әр-әр жерден тауып жатырмыз.
Бүгінде Жүсіпбек Аймауытовтың жоғалып кеткен еңбектері жинақталып жатыр. Алдағы уақытта бір томға топтастырылып, қалың көпшіліккке таныстырылады.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков