Астанада жаңа сорғы-сүзгі станциясы биыл толық іске қосылады

Астанада үшінші сорғы-сүзгі станциясының алғашқы кезеңі іске қосылған.

Оның көмегімен қалаға тәулігіне 35 мың текше метр таза ауызсу беріліп отыр. Бұл биыл жазда болған су тапшылығы мәселесін шешуге септесті. Елорда әкімдігінің мәліметінше, қазан айында станция толық қуатта жұмыс істейтін болады. Ол кезде тәулігіне 100 мың текше метрден астам таза ауызсу беріледі.

Елордадағы үшінші сорғы станциясы қазан айында толық іске қосылады. "Қазір барлық құрылыс жұмыстары аяқталып, гидро сынақ жүргізілген. Енді бірқатар тексерістер қалды" – дейді жауаптылар. Нысан күз айында іске қосылған соң тәулігіне 100 мың текше метрден астам таза ауызсу өндіре алады.

Абылайхан Құнан, Астана қаласы отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы бөлімінің бас маманы:

- Жобаның нормативтік мерзімі 23 ай. Құрылыс-монтаждау жұмыстары 2021 жылдың қараша айында басталған. Енді қолданысқа биыл қазан айында берілетін болады. Қазір нысан 80% дайын. Жаңа сорғы-сүзгі станциясы іске қосылған соң елордада су тапшылығы шамамен 2026 жылға дейін сезілмейтін болады.

Елорда тұрғындары биылғыдай судан таршылық көрмес үшін келер жылы төртінші сорғы-сүзгі станциясының құрылысы бірден басталады. Бұндай тапсырманы қала басшылығына президент те жүктеген. Оған қоса су тапшылығын жою үшін өзге де шаралар қолға алынатын болады.

Нұрсұлтан Керімқұлов, ҚР ИИДМ сумен жабдықтау және су бұру басқармасының басшысы:

- Қазір Нұра  жерасты  су кен  орнынан  магистарльдық су құбырын тарту жобасы әзірленіп жатыр. Оның құны шамамен 50 млрд теңге. Қаражат республикалық бюджеттен бөлінетін болады. Тағы қосымша Қарағанды облысынан ұзындығы 200 шақырым болатын магистральды су құбырын салу қарастырылып жатыр. Бұл құбыр төртінші сорғы-сүзгі станциясына тіршілік көзін жеткізетін болады.

Жалпы елорданы қазір жалғыз ғана су қоймасы тіршілік көзімен қамтамасыз етіп отыр. Оның өзі 50 жыл бойы тазартылмаған екен. Енді экология министрлігі су қоймасын зерттеуге кіріскен. Яғни, қай жерде қандай жұмыстар атқарылуы керек екенін анықтайтын болады.

Олжас Тұржанов, "Қазсушар" РМК Ақмола облыстық филиалының бас инженері:

- Біз бұған дейін жобалаушылармен су қоймасына барып, су түбіне қандай қалдықтар жиналғанын анықтау үшін тиісті сынамалар алған болатынбыз. Енді атқарылатын жұмыстардың мерзімін белгілейміз. Бұл тез жасалатын іс емес. Қазір жобалаушылар су түбінен шығарылған қалдықтарды қайда орналастыру керектігін, оны қалай утилизациялау қажеттігін анықтайтын болады.

Еліміздің бас қаласы судан таршылық көрмес үшін «Ұлттық су серіктестігі» үкіметтік емес ұйымының өкілдері гидрологтарды жұмылдырып, жер асты суларын зерттеуге кеңес беріп отыр. Олардың болжауынша, елорда маңында тұщы су қорлары табылауы да әбден мүмкін.

Авторлары: Риат Шони, Марат Диханбаев