Шымкентте жаңа туристік бағыттар ашылды

Шымкентке саяхаттаушыларды көптеп тарту үшін жаңа туристік бағыттар ашылды.

"Ұлы тарих – туризм көзі" деген түсінікті жандандыруға ниетті сала мамандары көне Испиджаб шаһарын таңдап отыр. Өйткені қазіргі Сайрам тұрғын алабының үш мың жылдық тарихы бар. Археологтардың қазба жұмыстары кезінде табылған құнды жәдігерлер мен түрлі жазба деректер осыған дәлел бола алады,-дейді.

Сайрам тұрғын алабы орта Азиядағы ең көне шаһарлардың бірі. Сан мәрте ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізген тарихшылар талай сырға қанығып, ауызекі тараған аңыз әңгімелердің текке айттылмағынына көз жеткізді. Оған ашық аспан астындағы архитектуралық маңызы айрықша нысандар да дәлел бола алады.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

- Сайрам ортағасырға тиесілі тарихи және мәдени ескерткіштердің мол мұрасы сақталған бірегей орын. Тарихшылар сансыз бабтар мекенінде 80 ге жуық мемлекеттік қорғауға алынған нысан барын айтады. Ал мұнда арнайы келген туристер тылсым сырға қанығып, ерекше әсерге бөленуге мүмкіндік алады-дейді.

Әйгілі әулие Ибраһим атаға арнап тұрғызылған кесене зиярат етушілер мен туристердің жиі келетін орны. Сайрамның ең биік нүктесінде орналасқан. Жаздың аптап ыстығында да адам қатары үзілмейді.

Тұрсынбай Орманов, Сайрам тұрғын алабының тұрғыны:

- Өзбекстаннан өте көп туристер келеді. Автобус – автобус болып келгенін көргем. Мына жердегі Қарашаш анаға, Ибрахим ата бар, бабалар бар. Соларға өте көп туристер келіп тұрады.

Бұдан былай саяхаттаушыларға сапалы қызмет көрсету үшін 5 бірдей бағытты дамыту туралы шешім қабылданды. Ал оны құру үшін тарихшылар мен өлкетанушылар, археологтар мен гид-экскурсоводтар бірлесіп, зерделеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Ержан Орынбасаров, экскурсия жетекшісі:

- Сайрамда көретін жерлер өте көп. Біріншіден Сайрамдағы сансыз баб дейді. Егер зиярад жасап,сондай-ақ алуан түрлі әсем архитектураны көргіңіз келсе Сайрамға келуіңіз керек. Себебі бұл жерде Ботпай ата, Мірәлі баб, Әбділәзиз баб саны шексіз. Әр түрлі киелі жерлер. Осы киелі жерлердің қайталанбас өзінің архитектурасы бар.

Археолог Азамат Еркешбаев көп жылдан бері Сайрам аумағында ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Қазба нәтижесінде күміс теңгелер мен алтыннан жасалған түрлі алқаларды тапқанын айтады. Зергерлік бұйымдардан-ақ қаланың даму жолы мен оның қалыптасу тарихы тым тереңде жатқанын аңғаруға болады,-дейді.

Азамат Еркешбаев, археолог:

- Қала болғаннан кейін өзінің үш кезеңі Шахристан, Рабат, Цитадель. Бірақ өкінішке орай Цитадель сақталмаған. Соның мәдени қабаттары толыққанды зерттелген. Яғни біздің дәуіріміздің 9 ғасырға дейінгі мәдени қабаттары бар екені дәлелденген. Қазіргі урбанизация процесі бар. Қала мәдениетінің дамуы сонау 9 ғасыр Араб кезеңінен басталып, бүгінге дейін тоқтамаған.

«Тарихи және мәдени ескерткіштердің құндылығы оның түпнұсқасының сақталуында. Сондықтан байырғы қалпын баз қалпында сақтап, оны күтіп ұстауға баса мән беру керек»,-дейді жиналғандар.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов