БҚО-дағы «тұңғыштар мекеніне» келетін туристер көбейді
«Ашық аспан астындағы мұражай». Батыс Қазақстан облысындағы Хан Ордасы ауылының екінші бейнелі атауы осындай.
Өйткені мұнда Жәңгір ханның кезінен 45 ғимарат, 19 ғасырдың аяғындағы 80-ге жуық үй сақталған. Осы тарихы тұнған өңірді туристерге таныту мақсатында ауқымды істер атқарылып жатыр. 6 музейді біріктірген Хан Ордасы музей-қорығында биыл әкімшілік орталық пен қабылдау орталығы пайдалануға берілмек.
Ордалықтар өздерін тұңғыштар мекенінде тұрып жатырмыз деп санайды. Тарихи тұлғаларды айтпағанда, алғашқы қазақ мектебі, ауруханасы, қыздар училищесі, баспаханасы, тіпті банкі де осында ашылған. 1867 жылы салынған қазынашылық үйі қаз-қалпында сақтаулы. Қазақ сахарасындағы алғашқы қаржылық операциялардың осы ғимаратта жүзеге асқаны тарихи құжаттармен дәлелденген. Тіпті ең алғашқы қазақ фотографы Шәңгерей Бөкеев екенін де біле бермейтініміз рас. Ақын тұрған үй 2019 жылы музейге айналыпты.
Мира Кутушева, музей қызметкері:
- Қазақтан шыққан тұңғыш фотограф деуге болады Шәңгерйді. Николай патшаны таққа отырғызу салтанатында оған сыйлыққа фотоаппарат берілген екен. Міне осы мұражайда тұрған Шәңгерей Бөкеев фотоаппаратын құнды жәдігер деп айтуға болады.
Тарихы тұнған мекенді тамашалаушылардың қарасы қалың. Егер 5 жыл бұрын Хан Ордасы музей-қорығына 16 мың турист келсе, былтыр 25 мың адам ат басын бұрыпты. Биыл одан да көп көрінеді. Жергілікті өлкетанушылар ғана емес, Астана, Алматы қалаларынан, көрші Ресейден арнайы келетіндер бар. Соларға арнап қабылдау орталығы салынып жатыр.
Ғайса Махимов, Хан Ордасы музей-қорығының директоры:
- 2019-25 жылғы туристерді Қазақстан бойынша тарту туралы жоспарға ендік 50 топтың ішінде. Туризм бағытында үлкен жұмыстарымыз – бірден-бір визит оралығы. Онда ақпараттық орталық болады. Келген адамдар кафетерийден шығып, кассадан билетін алып, фотолаборотория, сосын балалардың бөлмесі болады.
Хан Ордасы ауылындағы 1962 жылы ашылған бір мұражай бүгінде үлкен музей-қорыққа айналды. Қазір 13 тарихи ескерткіш пен үш кесене республикалық маңыздағы реестрге енген. Соңғы жылдары 1852 жылғы аурухана мен Сейітқали Меңдешевтің үйі қалпына келтірілген. Биыл ғасыр жарым бұрын салынған амбулатория мен Алма Оразбаеваның үйі жөнделуде. Алдағы жоспар ауқымды.
Ғайса Махимов, Хан Ордасы музей-қорығының директоры:
- Ауылды туристің ортасын жасағымыз келіп жатыр. Қазір этноауыл жасау жөніндегі ұсыныстарымыз инвесторлар қарастырып жатыр. Сонымен қоса курортты санаторий емдеу орнын салу жөнінде ұсыныстар беріп жатыр. Енді біздің топырағымыз да бар, табиғатымыз да бар, тарихымыз да бар келген қонаққа. Келесі жылы музей болады, 8 мұражай болады. Жоспарымызда 14 музей жасаймыз ба деген ұсыныс бар.
Биыл Бөкей Ордасы ауданына апарар жолдың құрылысы аяқталмақ. Жол түзелген соң тұңғыштар мекенін көруге ағылған туристерге тоқтау болмасы анық.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Қ.Махмудов, Э. Аюпов