Алматыда автобус жүргізушісі 2,5 жылға сотталды

Алматыда жол апатына кінәлі автобус жүргізушісі 2,5 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

36 жастағы сотталушыға қатысты осындай үкім шықты. Сот оның кішкентай 3 баласы барын және кінәсін жеңілдететін басқа да жағдайды ескеріп шешім қабылдаған. Сонымен қатар оған 5 жылға дейін көлік жүргізуге тыйым салынды. Бұдан бөлек, зардап шеккендердің пайдасына материалдық шығын өндіріледі.

Еске салайық, жол апаты былтыр 8 қарашада болған. Автобус жүргізушісі Абылай хан мен Төле би көшелерінің жол қиылысында бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кетіп, тағы бір қоғамдық көлікпен соқтығысқан. Салдарынан бірнеше жолаушы жарақат алып, 1 адам көз жұмды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Қайрат Иманқұлов, Алмалы аудандық сотының судьясы:

- Қылмыстық кодекстің 46-бабының 5-бөлігіне сай жазасын қылмыстық атқару жүйесінің барынша төмен мекемелерінде өтеу белгіленсін. Бұл қылмыстық істе өткізілген сот фото техникалық сараптамадан басқа, сол оқиға болған жерден алынған бейнекамераларға түсірілген көптеген басылымдар бар. Сол басылымдарға мән беріп сот қарады.