Елімізде ойын-сауық және мәдениет саласындағы қызмет қымбаттады
Демалыс, ойын-сауық және мәдениет саласындағы қызмет құны соңғы бір жылда 17%-ке қымбаттады.
Бұл туралы Финпром сараптамалық порталы хабарлады. Былтырғы маусыммен салыстырғанда белсенді демалыс пен спорттық іс-шаралар 17, ал мәдени қызмет бағасы 13,5%-ке артты. Мәселен, балаларға арналған аттракциондар ақысы 23%-ке өсті.
Ал мектеп оқушыларына арналған спорттық секцияларға жазылу үшін биыл 15%-ке көбірек төлеу керек. Жаттығу залдарының абонементі 13, бассейн қызметі – 16,3, ал музыкалық дәрістер бағасы 8,7%-ке көтерілді.
Мәдени нысандар қызметіне тоқталсақ, кинотеатр билетінің құны бір жылда 14, ал театр билеттері 8,4 %-ке қымбаттаған. Фотоға түсу қызметі де 12%-ке өскен. Өңірлердің ішінде ойын-сауық құны әсіресе Жетісу, Түркістан және Батыс-Қазақстан облыстарында аспандаған. Астана қаласы мен Қостанай, Атырау облыстарында баға 5-7%-ке ғана артты.