Sincere System Group қаржы пирамидасына алданғандар іздестіріліп жатыр

Алматы қаласының Экономикалық тергеу департаменті Sincere System Group деп аталған қаржы пирамидасынан зардап шеккендерді іздестіріп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір компания өкілдеріне қатысты тергеу амалдары басталған. Олар қаржы пирамидасын құрып, оны басқарды деген күдікке ілінген. Өз салымшыларына ай сайын 8, ал жылына 70%-тен артық табысты уәде еткен екен. Ол үшін жарна ретінде кемі 100 АҚШ долларын салу керек болған. Ал өзімен бірге ертіп әкелген әр клиент үшін салынған сомадан 5% төленеді деп алдап соққан. Компания өкілдері салымшыларға ешбір ресми құжатты да көрсетпеген. Берілген қаржы клиенттердің жеке кабинетінде цифрлық форматта ғана көрсетілген. Ал оны шешіп алу мүмкіндігі де болмаған. Қазір күдікке ілінгендерді уақытша ұстау изоляторына қамау жөнінде шешім қабылданды. Ал қаржылық мониторинг агенттігі S-Group компаниясынан зардап шеккендерді Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаментіне немесе агенттіктің call-орталығына хабарласуды сұрайды.

Әлібек Әбділов, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:

- Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктіге қатысты қамау түріндегі бұлтарпау шарасы санкцияланды.