Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің шекарасындағы өткізу бекеттері жаңғыртылуда
Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің шекарасында орналасқан өткізу пунктерін жаңғыртып жатыр.
Қазіргі таңда бұндай жұмыстар 10 бекетте жүргізілуде. Оның ішінде Өзбекстанмен шекарада орналасқан «Қапланбек» өткізу пункті толық жабылған. Ал өзгелерінде көліктердің қозғалысы шектелген. Сондықтан ұзын-сонар кезектерде қалыптасуы мүмкін. Бұл жөнінде бүгін Мемлекеттік кірістер комитеті бақылау департаментінің директоры Елдос Саудабаев айтты. Оның мәлімдеуінше жаңғырту жұмыстары толығымен келер жылдың соңында аяқталады. Нәтижесінде бекеттердің өткізу қуаттылығы 8 есеге өсіп, құжаттарды рәсімдеу уақыты 2 сағаттан 25 минутқа дейін қысқарады. Бұдан бөлек кеденде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері барын азайтылады.
Елдос Саудабаев, ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті бақылау департаментінің директоры:
- Өткізу пункттерін жаңғыртып болғаннан кейін бекеттердің барлық инфрақұрылымдық мәселелері шешіледі. Шекарадан өту ыңғайлы болады және бақылау жеделдетіп жүргізілетін болады. Жалпы кедендік әкімшілендіруді жетілдіру бойынша жүргізілген жұмыстың нәтижесінде биыл алғашқы 6 айда бюджетке 1,9 трлн теңге табыс түсті. Бұл өткен жылдың бірінші жарты жылдығымен салыстырғанда 21%-ға жоғары көрсеткіш.