Моңғолиядан тәңірге сенумен байланысты таңба тастар табылды

Моңғолияның Номғон алқабында Құтлық Елтеріс қаған кешенінде археологиялық қазба жұмыстары сәтті жүріп жатыр.

Былтыр ғана ғылыми жаңалық болып ашылған жазықта ғалымдар күні бүгін «елшілік таңба» бейнесі бар қаған әулетінің 6 белгісін анықтады. Бұл Халықаралық Түркі академиясы мен Моңғолия Ғылым академиясы Археология институтының бірлескен жобасы. Қасиетті орынға «Абылай ханнан абыз Тоныкөкке дейін» автоэкспедициясының мүшелері ат басын тіреді. Ғалымдардың жұмысын көріп, құнды жәдігерлермен танысты.    

Тарихи кешен Күлтегін мемориалдық музейінен 70 шақырым қашықта орналасқан. Айналасын үлкен, кіші Моңғон тауы қоршап тұр. Етегінде Тарна өзені ағып жатыр. 2022 жылы жазықтың Елтеріс қағанға тиесілі екені анықталып, әлемдік ғылымда үлкен жаңалық ашылды.

Нәпіл Базылхан, халықаралық Түркі академиясы  ғылым бөлімінің аға сарапшысы: 

- Бұндай тас үш ақ кешенде бар. Біріншісі білге қаған күлтегін және осы, әлемде жоқ. Елтеріс қағанның кешені деген қортындыға келдік. Оған біздің күмәніміз жоқ. Ол жайлы 12 тілде ғылыми мақала жарияланды. 12 тілде.

Күлтегін мен Білге қағанның әкесі Түрік империясын қайта дәуірлеткен Құтлық Елтеріс қаған кешеніндегі жазулар көне түрік тілінде тасқа қашалған. Сондай-ақ руналық, соғды мен брахман мәтіндері де кездеседі. Тарихи кезеңдер дәл келсе, таңбаларды абыз Тоныкөк жаздыруы мүмкін бе? деген заңды сұрақ туындайды.

Нәпіл Базылхан, халықаралық Түркі академиясы ғылым бөлімінің аға сарапшысы: 

- Қытай деректерінде қудуду дейді. Ол көне түрікше құтылық. Содан кейін елді тергені үшін елтеріс қаған деген. Бүкіл елді терген. Жинаған. Сосын таң ипериясына қарсы 49 рет соғысып, бәрінде жеңіске жетті. Қасында кім жүрген? Тоныкөк жүрген. 

Кешеннің аумағында сол дәуірдің наным-сенімі мен әдет-ғұрпынан хабар беретін таңба тастар табылды. «Биікте көк тәңірі, төменде қара жер жаралғанда» деп басталатын Күлтегін жазуының мәнісі осыған саяды.      

Дулат Жексенбайұлы, тілші:

- Мына тастардың бойымен көне түріктер мәйітті шығарып салған. Тәңірге апарар жол болған. Архелолог ғалымдар осындай 65 тас белгіні тапты. Және әрбіреуінде аң мен құстың суреттері белгіленген. Мәселен, мына таста архардың суреті салыныпты.  

Археологиялық қазба жұмыстары 45 күнге созылады. Ғалымдар қойнауы мұраға толы аймақтан мол олжамен оралуға ниетті.

Нәпіл Базылхан, халықаралық Түркі академиясы  ғылым бөлімінің аға сарапшысы: 

- Бітік таста Құтылық қаған түрік деген сөз бар. Содан кейін түмен түмен, жүз жүз дейді. Сөйлем біткен жоқ. Қалғанын табамыз деген үмітіміз бар. Сіздер соның төбесіне түсіп отырсыздар. Енді жартсын тапсақ.

Алтынгэрэл Энхтөр, археолог (Моңғолия):

- Егер осы жердің локациясына қарайтын болсаңыз, көне дәуірдің адамдары кешенді саларда көп нәрсені ескерген. Бітік тастың төбе тұсын таптық. Қазып жатқанда керемикалық заттарды да кезіктірдік. Арыстаннның екі күшігімен отырған бейнесін олжаладық. Бұл жұмыстар әлі жалғасады.   

«Абылай ханнан абыз Тоныкөкке дейін» автоэкспедициясының мүшелері ғалымдардың жұмысымен танысты. Түрік тарихын түгендеудегі еңбектеріне табыс тілеп, иықтарына шапан жапты.

Номғон алқабында түркі кезеңіне қатысты 9 ғұрыптық кешен анықталып отыр. Соның бірі мына Қаған тас. Басы жоқ. Бір қолы шабылған ескерткіште жағасы, белдігі ою-өрнекпен көмкерілген. Батыстан шығысқа қарай балбалтастар қаз-қатар тізілген. Бұл жерде де жақын арада қазба жұмыстары басталады. Археологтардың айтуынша, кешен Қапаған қағанға тиесілі болуы мүмкін.