Қ.Тоқаев: Құранды өртеу актілері арандатушылық әрекет
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мұсылмандардың қасиетті кітабы - Құранды өртеу актілеріне қатысты пікір білдірді.
Президент Солтүстік Еуропаның бірқатар мемлекетінде болған бұндай келеңсіз жәйттар қазіргі әлемдегі жағдайды шиеленістіруге, халықтар мен мемлекеттер арасындағы сенімге нұқсан келтіруге бағытталған арандатушылық әрекет деп санайды. Қазақстан – Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін өткізуге бастамашы болған мемлекет. Бұл форум дәстүрлі діндер мен конфессиялардың көрнекті өкілдері арасындағы тиімді әрі табысты диалог алаңына айналды. Президенттің пікірінше, жиілеп кеткен діни вандализм мен аталған елдер азаматтарының жауапсыз әрекеті мемлекеттер мен діндердің бейбіт қатар өмір сүруіне кері әсерін тигізеді. Бұл жалпыға ортақ нормаларға қайшы келетін акциялар ретінде бірауыздан айыпталуға тиіс. БҰҰ Бас Ассамблеясы да бұл мәселеге қатысты өз ұстанымын білдіруі керек - деді, Президент. Бұл жөнінде Ақорданың ресми телеграм каналы хабарлайды.