Ресейлік профессор Өскеменде хирургтерге шеберлік сағатын өткізді
Өскемендік дәрігерлер білікті хирургпен бірге бауыр мен өкпесі зақымданған науқастарға күрделі операция жасады.
Ресей ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, профессор Александр Разумовский жергілікті ақ халаттыларға шеберлік сағатын өткізді. Хирургиялық әрекеттердің барлығы инновациялық технологиялардың көмегімен жүзеге асырылды.
Ресейдегі жетекші хирург, профессор Александр Разумовский әріптестеріне эндо-операциялардың озық әдістерін көрсетіп жатыр. Технологияның ерекшелігі сол науқастың денесінде үлкен тілік жасалмайды. Мамандар бауыр, өкпе аурулары, кеуде тұсының деформациясы бойынша операцияларды қолға алды. Эндоскопиялық әдістің көмегімен пациенттер бірнеше күнде аяққа тұрып кетеді.
Александр Разумовский, РФ Балалар хирургтері қауымдастығының президенті:
- Заманауи операцияларды жасау үшін университетте алған білім аздық етеді. Білікті маман болу үшін кем дегенде 15 жыл тәжірибе керек. Қазақстанда медицина саласына көп көңіл бөлінеді. Осындай бірлескен операциялар жасау соның бір дәлелі.
Ақтаулық Нұрлан Жакиев гинекология саласындағы қазақстандық мықты эндохирургтердің бірі. Соған қарамастан әріптестерімен бірге тәжірибесін арттыруға арнайы келген.
Нұрлан Жакиев, Маңғыстау облыстық перинаталдық орталығының бөлім меңгерушісі:
- Қазақстан эндоскопиялық технологиялары қарқынды дамып жатқан елдер қатарына жатады. Мысалы өз басым эндометриоз дертіне шалдыққан науқастарға күрделі операция жасаймын. Бұрын бір жылда небары 2-3 операция болса, қазір олардың саны 25-ке жетті.
Қос ел хирургтері екі күн ішінде эндоскопиялық 17 күрделі операция жасады. Алдағы уақытта дәл осындай шаралар жалғасын таба бермек. Жалпы былтыр төрт мыңға жуық отандық дәрігер біліктілігін арттырса, олардың 130-дан астамы шетелдік ауруханаларда білім алды.
Ақмарал Есімханова, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин